Биыл СҚО-да 500 тонна бал жиналады

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 500 тонна бал жиналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір омарташылар жарғақ қанаттыларын шұрайлы гүл алқаптарына көшіріп, кезекті мол өнім алуға қамданып жатыр. Оның сапасы қандай? Биылғы науқан несімен ерекше?

Осындай бір ұяда 70 мыңға жуық ара тұрады. Олег Гаврилов биыл алғашқы өнімін алып, қазір екінші алқапқа орын ауыстырды. Көп күттірмей, жақтаулар да балға толды. Енді «еңбекқор» жәндіктер оны тозаңдатып, балауызбен жабады.

Олег Гаврилов, облыстық Омарташылар қауымдастығының төрағасы:

- Бұл – немістің «Карника» деген ара тұқымы. Германиядан әкелінді. Өте жуас. Адамды аса шақпайды. Міне, қолымды өткізсем де тыныш. Өнімділігі де жоғары.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 7 мың ара ұясы әкелінді. Әрқайсысы кем дегенде 50 келіден өнім жинайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Әр араның өз міндеті бар. Бірі күні бойы гүлден-гүлге қонып, нектар жинаса, екіншілері осы ұяларда оны балға айналдырады.

Биыл бал құнарлы болады. Олег Гавриловтың омартасы түйежапырақ, ақ түйежоңышқа, қарақұмық, күнбағыс, рапс өсімдіктерінің дәл ортасында тұр. Араларға бұдан асқан жер жоқ. 

Олег Гаврилов, облыстық Омарташылар қауымдастығының төрағасы:

- Қазір бір орында тұрмыз. Осындай өсімдік алқаптары әр ауданда болса, ара шаруашылығы одан сайын дами түсер еді. Балдың да құрамы нәрлі болады.

Аралар майлы дақылдардың өсуіне де оң әсер етеді. Мысалы, түймежапырақ тамыры топырақты азот пен фосфорға байытады. Шырын жиналған алқаптардың шығымдылығы 30-40%-ке дейін артады», - дейді омарташы.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.