Оралда Chia Tai Pharmaceutical қаржы пирамидасы әшкереленді

Орал қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оңай олжаға кенелмек болғандар қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Қаржы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облыстық департаменті «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Алаяқтар өздерін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген. Аңғал тұрғындардан түскен ақшаны кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген. Жеке тұлғаларға 770 миллион теңге шығын келтірілді.

Сағадат Ғаділжанов, БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі:

- Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз.