Алматы облысының тауларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әскерилер кезекшілікке шығады

Алматы облысының тауларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әскерилер кезекшілікке шығады
Фото: 24.kz

Алматы облысының тауларында өрт қаупі бар маусымда жүзден астам әскери қызметші жауынгерлік кезекшілікке түседі. 

Алматы облысының ТЖД мәліметінше, жоғары температуралық фонға байланысты тауларда өрт қаупі жоғары болып тұр. Мұны еліміздің әр аймағында болған ірі өрт растайды. 

«Өрт қаупі бар кезең басталғаннан бері облыс аумағында мемлекеттік орман қоры аумағындағы құрғақ шөп пен өсімдіктер 21 рет өртенді. Жалпы ауданы 16 418 га, материалдық шығыны 19 млн 681 мың теңге, елді мекендерден тыс жерлерде 148 га алаңда құрғақ шөп 99 рет өртенді» деп хабарлады ТЖД.

Алматы облысының Талғар және Қарасай аудандары мен бекеттерінде өрт қаупі бар кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 120 әскери қызметші жауынгерлік кезекшілік атқарады. Олар Іле өзені бойындағы құтқарушылар базасындағы азаматтық қорғаныс 28237 әскери бөлімінің сарбаздары. 

«Әскери қызметшілермен орман өртіне әрекет ету және алдын алу іс-шараларын жүргізу бойынша нұсқаулықтар өткізілді. Алматы облысы ТЖД қызметкерлері әскери қызметшілермен бірлесіп күн сайын халықтың демалатын орындарында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Рейдтік іс-шараларды өткізу үшін полиция қызметкерлері мен еріктілер, орман шаруашылығы және ұлттық парктер тартылады. Азаматтық қорғаныс күштері, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері мен ЖАО-дан 51 адамнан тұратын 10 мобильді топ құрылды» делінген ТЖД хабарламасында.

Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, құрғақ шөптің өртенуіне әкелген өрт қауіпсіздігінің белгіленген ережелерін бұзғаны үшін 23 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 1 млн 483 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Алматы облысының ТЖД облыс тұрғындарына, туристерге және қонақтарға өрт қаупі бар маусымда өрт қауіпсіздігінің барлық талаптарын сақтауға шақырды.