Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқауының кезеңі қорытындыланды

Оған облыстағы 200-ге жуық компания мен жеке кәсіпкер атсалысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнімдер жәрмеңке-көрмеде ұсынылып, өндіруші бағасымен сатылды. Әсіресе қолдан жасалған тауарларға сұраныс жоғары болды.

Любовь Гузьдің сөресінде ұзын-сонар кезек. Ол табиғи ірімшік сатады. Ауылдан келген кәсіпкер бұл табысты ісін шағын көлемнен бастаған. Қазір ірімшіктің елуден аса түрін шығарады.

Любовь Гузь, кәсіпкер:

- 4 млн 140 мың теңге грант ұтып, қаражатқа ірімшік қайнататын өндіріс орнын сатып алдым. Күніне 100 литр сүт өңдейміз. Өндіріс ауқымын әрі қарай кеңейтуді мақсат етемін.

Жәрмеңкеде ауыл кәсіпкерлерінің орны бөлек. Олар өз ісін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы ашқан.

Елена Венгерская, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кураторы:

- Жобаның ерекшелігі, жергілікті өнімнің сапасын арттырып, жергілікті брендтер құру арқылы халықаралық деңгейге шығуға негізделген. Дәл қазір экологиялық таза өнімдер жоғары бағаланады.

Байқауға 200-ден аса кәсіп иелері қатысты. Әрқайсысы өнімнің сан алуан түрін ұсынған. Тамақтан бастап тауарлы сүт фермаға дейін осында.

Арман Әбенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар», «Үздік азық-түлік тауары» сияқты 3 аталымда өтеді. Шараға алғаш рет қатысып жатқан кәсіпкерлер көп.

Данияр Күзенбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Жәрмеңке 2013 жылдан бері өткізіледі. Бұрын ең көбі 35 кәсіпкер қатысатын. Ал биыл облыстық әкімдіктің қолдауымен қатысушылар саны 4 есе ұлғайды.

Арнайы комиссия 3 аталымда 9 жеңімпазды анықтады. Енді үздік тауар шығаратын кәсіпорындар облыс атынан республикалық көрмеге қатысады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Наталья Строкова.