Алматы облысы Шалкөде ауылының тұрғындары суды тасып ішеді

Алматы облысындағы Шалкөде ауылында ауызсу жеткіліксіз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. 2 жыл бұрын ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылған. Бірақ мердігердің жауапсыздығынан құрылыс аяқсыз қалған еді. Биыл ол қайта жанданды.

Шалкөде ауылының әр көшесінде суағар бар. Су сарылдап ағып тұр. Орталықтандырылған су жүйесі болмағандықтан, тұрғындар суды көшеден тасиды. Көп жылдан бері «құмған алып, суға баратын» жұрттың бойы бұған үйреніп қалды. Дегенмен қарияларға қиын. Күнделікті тұрмыста сусыз еш шаруа бітпейді. «Су тасу машақатынан қашан құтыламыз?», - дейді ауылдықтар.  

Бахаргүл Самықова, Шалкөде ауылының тұрғыны:

- Тасып ішеміз суды. Не кір жуғыш машина қоса алмаймыз, не картошка еге алмаймыз бақшаларға. Сол біздің негізгі мәселеміз.

Еркебұлан Ботайұлы, Шалкөде ауылының тұрғыны:

- Жаңа су бойынша көшемізге су әлі келген жоқ. Су құбырын өткізіп қойды. Бірақ жоғарғы жағында үлкен дамба жасалып жатыр. Суымыз қашан келетіні белгісіз.

Су құбыры ауыл көшелеріне 2 жыл бұрын тартылған. Бірақ содан бері тіршілік нәрі жоқ. Себебі су жинайтын нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Бұған жауапты мекеме міндетін дұрыс атқармай, үйлерге бір тамшы да су жеткен жоқ. Аудан басшылығы болса кемшілік жойылып, мәселе шешімін табады деп отыр.

Берік Дүйсембаев, Райымбек ауданының әкімі:

- Енді тек қана резервуар дейді ғой. Су жинайтын орын. Сол жері бітпей тұр. Қазір орның қаражаты жіберілген жоқ. 37 млн теңгесі тұр. Сот процесі бітті. Енді сол жұмысты аяқтап, бізге бітіріп береді биыл.

Аудан әкімінің сөзінше, резервуар 2 айда жөнделіп бітеді. Содан кейін су құбырға жіберіледі. Оған қосылу тұрғындардың өз еркі. Сонымен бірге Райымбек ауданында орталықтандырылған су жүйесін Тұзкөл ауылына жүргізу керек. Оның жобалық құны әзірленді. Бюджеттен қаражат қаралса, жұмыс келер жылы басталады.  

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.