9600 шақырым жол: жиһанкездер Ресей мен Моңғолия аумағын жүріп өтті

24 қала мен 100 деген елді мекенді қамтыған «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» автоэкспедициясы мәреге жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиһанкездер Ресей мен Моңғолия аумағын жүріп өтті. Түркі тарихына ортақ мұраларды түгендеп, деректерді түзді. Киелі жерлерге барып, бабалар рухына тағзым етті. Экспедиция құрамында «Хабар 24» арнасының түсіру тобы да болды.

Экспедиция Бурабайдағы «Абылай хан» алаңынан басталды. Биыл үш жүздің басын қосқан кемеңгер қолбасшының туғанына 310 жыл. Автошеру ұйымдастырушылары даңқты бабаға осылайша құрмет көрсетті.      

Елдік үшін ерлік жасаған хан Абылайдың ізі қалған жерлер сайрап жатыр. Қазіргі Ресей мен Моңғолия аумағы соның бір парасы ғана. Экспедиция мүшелері Таулы Алтай қаласына ат басын бұрды. Жергілікті музейге барып, түркі дүниесіне ортақ жәдігерлермен танысты.      

Бұл – ХХ ғасырдың үлкен сенсациясы болған «Үкөк ханшайымы». Ғалымдардың болжауынша, құнды артефакт қола дәуірінің Пазырық мәдениетіне жатады. Шамамен біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардың мұрасы.

- Мен осы мумияны күтіп баптаушымын. Түрлі дәрі-дәрмек пен химиялық қоспалардың арқасында денені сақтау мүмкін болып тұр. Біз құнды жәдігерді көпшілікке көрсетпейміз. Үлкен миссиямен жүргеннен кейін сіздерге көрсетеміз.  

Жиырма бестер шамасындағы жас қыздың қасына жирен түсті 6 ат жерленген. Обаның тоналуы себепті әбзелмен әшекей бұйымдар жоғалған. Жылқыны қоса жерлеу дәстүрі – сақ мәдениетіне тән қасиет.

Моңғолияның Қобда қаласының қақ ортасында Қалдан бөшіктің ескерткіші тұр. Тарихқа терең бойласақ, жоңғар қолбасшысы Тәуке ханның баласын ұрлап, дінін өзгерткен. Бұл оқиға Қазақ-жоңғар қақтығысының екінші толқынына себепкер болады. 

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Баласы буддист болған. Мойнында моншақ салған. Тәуке хан оны көріп, намыстанады. Тәуке қиын адам болған. Намысшыл. Сөйтіп, ол алып келген 500 әскерді қырып салады. Осыдан бастап қазақ-жоңғар соғысы басталады. Ол кейін Абылай заманына ойысады.

Абылай хан мықты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ көреген дипломат болған. Патшалықтар арасындағы астыртын ойындарды алдын-ала болжап, болашақ сұлтандармен байланыс орнатқан.

Мұрат Ыдырысов, автоэкспедиция жетекшісі:

- Әмірсана кезінде таққа таласып, еліне қашып кеткен. Аблай хан оған пана берген, тұтқыннан құтқарған. Біз керемет бір уақытта келіп отырмыз. Біраз деректерді тауып алдық.

Ұшы-қиыры жоқ Моңғол даласында түркі дүниесінің мұралары көп. Соның бірі әрі бірегейі – Күлтегін мен Білге қаған мемориалдық кешені. Қарақорым қаласынан 40 шақырым қашықта жатқан киелі орынға зиярат етушілердің қатары азайған емес. Ал күлтегін жазулары мыңжылдықтар өтсе де өзегін жоғалтқан емес.  

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Түн ұйықтамадым, күн отырмадым, қара терімді ағыздым, қызыл қанымды жүгірттім дейді. Түркі халқы үшін деп нүкте қояды.

16 күнге созылған автоэкспедицияның аясы кең, бағдарламасы ауқымды болды. Жиһанкездер қиырда жүрген қандастармен де кездесті. Ортақ құндылықтар туралы сөз қозғап, жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концертті тамашалады.