Алматылық студенттер салған сурет көпірге жаңаша реңк берді

Алматылық студенттер қаланы безендіру жұмыстарына атсалысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар бетон қабырғалары мен көпір діңгегіне сурет салып, оған жаңа реңк беріп жатыр. Жастардың бастамасына жергілікті әкімдік қолдау білдіріп, керекті заттармен қамтамасыз еткен.

Бұл – Алматыдағы көп көпірдің бірі. Бұрын ешкім назар салмайтын. Қазір алыстан көз тартып тұрады. Тіпті тоқтап суретке түсіп жатады. Бұл жобаның авторлары – Сәтбаев университетінің студенттері. Анығырақ айтсақ, 4 курсқа көшкен Әзизбек Баратов. Ол сәулет және дизайн мамандығында оқиды. Достарымен ақылдаса келе, қаланы безендіруге атсалысуды ұйғарады.  Ойларын әлеуметтік желіге жариялап, жұмыс істеуге әзір екендерін білдіреді.

Әзизбек Баратов, студент:

- Осы қалада тұрып жатқаннан кейін, осы қаланың тұрғыны болған соң маған идея келді. Неге өзіміз жұмыс істеп жатқан қалада үлесімізді қоспасқа деген. Әкімдік оны байқап, көріп, бізге осынай идеяны ұсынды. Біз осындай контраст түстерді таңдадық. Адамдардың көңіл күйін көтеру үшін. Динамика, статика стилінде сақталған эскиз.

Бояуды сатып алуға әкімдік көмектескен. Әзизбектің айтуынша, сурет ұзақ уақыт сақталады. Себебі бояғыш құралдардың сапасы өте жақсы. Ал суреттің өзі – абстракция. Бұған дейін үй қабырлағаларына мурал салынып жүр. Бағанасы түрлі түске боялған көпірлер де бар. Бірақ ару қаланың ерекшелігін айқындайтын үлкен ауқымдағы жұмысқа студенттер алғаш рет тартылды.   

Жеңіс Молдабеков, суретші:

- Абстракциялық стильде жасалған жұмыс. Ішінде, қарап отырсаңыздар, суретші сурет салған кезде 80%-ін көретін көрерменге қалдырады. 20%-ін анықтап жасйды. Енді байқап отырсаңыз, мұның шінде қаланың көріністері де бар. Қыздың бейнесі де тұр «шляпа» киген. Алманың көрінісі бар Алматының символы деп. Солардың бірін ауқымды бір жұмысқа, бір стильге бағындырып жасаған.

Расымен кескіндемені анықтап қарасаңыз, түрлі бейнені байқауға болады. Оны әркім қалағанына ұқсатады. Бұл жұмысты Әзизбек бастаған студенттер 25 күннің ішінде аяқтаған. Жақын күндері тағы бір көпірдің діңгегіне сурет салуды бастайды. Қазір оның эскизін жасап, қандай бағытта салатынын ақылдасып жатыр. Осылай қаланы безендіруді жалғастыра береміз дейді.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.