Түркістан облысында күдіктілерге қысым көрсеткен 6 полицей сотталды

Бесеуі 4 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы бір тәртіп сақшысы 3,5 жылға қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот үкімімен барлығы шенінен айырылып, құқық қорғау органдарынан шеттетілді. Олар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушылардың туыстары мен қорғаушылары үкіммен келіспейміз деп сот залында шу шығарды. Айтуларынша, тергеу барысы мен сот отырысында қылмыстары дәлелденбеген. Енді облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірмек.

Бір жыл бұрын Сауран аудандық Полиция бөлімінің бұрынғы қызметкерлеріне 2 тұрғынды ұрып-соғып, мал ұрлығы бойынша қылмысты мойындатпақ болды деген айып тағылған еді.

Абай Бекботаев, Түркістан қалалық сотының судьясы:

- ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігі, 1-2-тармақтарында және 414-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 3 жылға құқық қорғау органдарында қызметінен айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.