Ұлытау облысында жол апаты жиілеп кетті

Ұлытау облысында жол апаты бірнеше адамның өмірін жалмады.

Оқиға Жезқазған-Қарағанды тас жолында болған. Жеңіл және жүк көліктері соқтығысып, салдарынан жүргізуші мен төрт жолаушы сол жерде қайтыс болды. Жантүршігерлік апатқа не себеп? Жаңа облыста жолдардың сапасы сын көтермей ме, әлде көлік жүргізу мәдениеті төмен бе?

Тәртіп сақшылары жол апатының алдын ала себептерін атады. Жеңіл көліктің жүргізушісі жолдағы шұңқырды айналып өтпек болған кезде жүк көлігімен соқтығысқан. Сараптама нәтижесі қайтыс болған жүргізушінің де, жолаушылардың да ішімдік ішпегенін көрсетті. Өрімдей жастар Сәтбаев қаласында өтетін футбол турниріне бара жатқан. 

Ерғали Қожабеков, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

- Кейінгі кезде біздің жолдардың кейбір учаскелерінде жол-техникалық сапасының төмендеп кетуі орын алуда. Кешегі жағдай бойынша жолдың сол учаскесіндегі жолдың сапасының төмендігі, яғни ойық жерден айналып өтем деп қарсы шыққан автокөлікке соғылып қалған.

Жол апаттарының орын алуына көбіне автомобиль жолдарының сапасыздығы себеп. 

Жергілікті биліктің мәліметіне сесек, облыстық маңызға ие жолдардың 88 проценті қанағаттанарлық жағдайда. Биыл осы көрсеткішті одан әрі арттыру мақсатында жол жөндеу жұмыстарына 10 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Ал республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу тек 2024 жылы басталады. Әуелі Жезқазған-Қызылорда кейін Жезқазған-Қарағанды күре жолдары жаңарады. 

Дулат Болатов, автокөлік жолдары және жол инфрақұрылымын дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бүгінгі таңда облыстық маңызға ие жолдарды қайта жаңғырту және орташа жөндеу бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Туристік бағыттағы Сәтбаев-Малшыбай-Жошыхан жолының құрылысы жүргізілуде. 2020 жылдан бері Қаражал-Атасу жолы жаңартылуда. Ұлытау-бозтұмсық, Қаражал-Шалғия және Атасу-Айнабұлақ бағытындағы жолдарға орташа жөндеу жасалып жатыр. 

Өңірде күре жолдардан бөлек көктем шыққалы елді мекендер ішіндегі жол-көлік оқиғаларының саны артты. Скутер мен мотоцикл мінгендер жол жүру ережесін жиі бұзады екен. Әсіресе кәмелет жасына толмаған бірақ әлі көлік жүргізу құжатын алмаған жастар тәртіпке бағынбай тұр. Олармен күресу мақсатында бірнеше мәрте жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылып, құжатсыз техникалар айып тұрағына тоғытылған. 

Арман Әбілқасымов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- 4 күнде полиция департаменті қызметкерлерімен 60-тан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, құжаты жоқ 17 мотоцикл-мопедтер айып тұрағына қойылды. Жасөспірімдер тарапынан мотоциклмен құқықбұзушылық жасалған жағдайда ата-аналарына әкімшілік іс қозғалатынын ескертеміз. 

Өңірде жол апаттарының саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Былтыр 7 айда 49 жол апаты болса, биыл 34 оқиға тіркеліпті. Адам өлімі де азайған. Дегенмен, тәртіп сақшылары көлік тізгінінде өте сақ болуды және жылдамдықты асырмауды ескертеді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев