Елімізде есірткіге қатысты қылмыс белең алып тұр

Әсіресе жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі сату дерегі жиілеп барады.

Кейінгі алты айда 3700-ге жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Полиция заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам наша тәркіледі.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Бір қарағанда бұл жерден ештеңе байқалмауы мүмкін. Бірақ, дәл осы жерлерге есірткінің қай жерде жасырылғанынан хабар беретін белгілер салынып отырған! Әрине, қарапайым адамдарға бұл жазулар түсініксіз. Осы әдіспен есірткі тауарлары заңсыз сатылған деген болжам бар.

Әлия Қибатқызы, қалалық Полиция департаменті басқармасының аға жедел уәкілі:

- Бұл жерде жастар  синтетикалық есірткі затын сатумен айналысатын сайттарды, оларды жарнамалайтын сайттарды осындай сурет арқылы қалдырып отыр. Бұл суреттің өзінің салынуы бұл қылмыстық кодексінің бабы болып есептеледі. Бұл суретті салғанның өзі 3 жылдан 6 жылға дейін  бас бостандығынан айрылу болып есептеледі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше кейінгі алты айдың өзінде есірткі жарнамалайтын 2398 сайт бұғатталған. Әлеуметтік желілер оның ішінде телеграмм арқылы есірткі саудасымен айналысып жүргендер көп. Көбіне жасөспірімдер қомақты қаржыға қызығып заңсыз әрекетке барып жатады.

Әлия Қибатқызы, қалалық Полиция департаменті басқармасының аға жедел уәкілі:

- Бұл жұмысты 18 бен 25 жас аралығындағы жасөспірім балаларға, жастарға ұсынады. Жұмасына 100 долларға дейін табыс көзі табылады деп солай айтып оларды алдап, заңсыз есірткі бизнесіне шақырады.  Полиция департаментімен арнайы топ құрылған. Бұл сайттарды анықтап және ары қарай бұларды бұғаттау, сондай-ақ қылмыскерді жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жарнама жазбаларды өшіру ғасыр дертінің алдын алуға бағытталған жауапты жұмыс. Мұндай қауіпті шимай-шатпақ елордадағы Атырау көпірінде  жиі кездеседі. Оларды жоюға арнайы акция ұйымдастырылды. 

Әлия Әбсеметова, Астана қаласы Нұра ауданы әкімі орынбасарының м.а:

- Біз бұл бағытта әсіресе жастармен ерекше жұмыс жүргізіп, қоғам болып күресуіміз қажет. Бұл бүгінде кезек күттірмейтін маңызды шара. Осы ретте көпірде, қаламыздың басқа да көрікті жерлерінде салынған суреттерді өшіруге ат салысып жатқан еріктілерге үлкен алғыс айтамын!

Соңғы 6 айда ішкі істер органдары 25 есірткі зертханасын жойған. Оның екеуі Астана қаласында анықталды. 

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мейрам Жүнісов, Мұрат Әріпханов