ШҚО-да телефон алаяқтары көбейіп кетті

Шығыс Қазақстан облысында телефон алаяқтары көбейіп кетті.

Оңай олжа табуды көздеген азаматтар бірнеше зейнеткерді алдап, миллиондаған теңге ұрлаған. Өскеменде соңғы екі ай ішінде ақша бопсалау бойынша 40 дерек тіркеліпті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар арнайы сценарий бойынша жұмыс істейді. 

79 жастағы Людмила Соловьева бірнеше жыл бойы жинаған ақшасынан айырылды. Алдымен өзін тергеушімін деп таныстырған азамат қоңырау шалып, немересінің көлікпен адам қағып кеткенін айтқан. Зейнеткер жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін қолындағы бір миллион теңгесін бере салған.

Людмила Соловьева, зейнеткер:

- Маған ер адам хабарласты. Жол апатына немерем кінәлі деп айтқан соң сеніп қалдым. Мәселені шешу үшін бес млн теңге сұрады. Ондай қаражат жоқ деген соң, бір млн жететінін жеткізді.

Шаһарда осы тектес қылмыс түрі азаймай тұр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтардың ізіне түсу өте қиын. Себебі олар хабарласқын телефон нөмірлері өзге елдерде тіркелген.

Pуслан Өмірбекұлы, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Полиция қызметкерлері болып звондап, олардың туыстары немесе немерелері жол апаты оқиғасына ұшырады, полиция қызметкерлері деп сізден ақша алады деген қоңырулар, ұялы телефондарына немесе үй телефондарына звондаған жағдайда, дереу телефонды қойып, туыстарына, немерелеріне звондап, қайда екенін біліп, полиция қызметкерлеріне хабарласуды сұраймыз. 

Құқыққорғаушы Алексей Божков қылмыскерлердің зейнеткерлердің жеке басына қатысты ақпаратты алу бойынша сыбайластары бар деген пікірде. Өйткені, олжа тапқысы келетін тұрғындар өз құрбандарының мекенжайын да біліп отырады.

Алексей Божков:

- Әрине адамдардың көбі сене қоймайды. Десе де, кәрі адамдар алаяқтардың шырмауына оңай ілігеді. Себебі, қоңырау шалғандар олардың аты-жөнін біледі. Алаяқтарға кей тұрғындардың жеке басына қатысты ақпаратттар қолжетімді. Осы жағын анықтау керек.

Ал полицейлер бұл пікірмен келіспейді. Бөтен адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарын мәліметтерін алуға құқығы жоқ. Өскеменде осындай қылмыстың тағы бір түрі белең алып барады. Алаяқтар банк салымшыларына қоңырау шалып, «несиені онлайн түрде жабу керек» деген желеумен алдап кетеді. Облыста осындай 300-ден астам факті тіркелген. Келтірілген шығын миллондап есептеледі.

Өңірде алаяқтықпен күрес шараларын күшейту мақсатында киберполиция бөлімі ашылмақ. Сонымен қатар, халықты барынша ақпараттандырып, алдын алу шаралары қолға алынады.

Киберполиция қызметі елімізде алғашқылардың бірі болып Астананың Есіл ауданында құрылды. Тәртіп сақшылары заманауи құралдармен қамтылған. Бұл іске IT-мамандар да жұмылдырылыпты. Нәтиже бар. Осы жылдың төрт айы ішінде интернет-алаяқтық бойынша 200 қылмыстық беті ашылған. Сотқа 150-ден астам іс жолданды.  

Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин