Петропавлда әрбір төртінші көп қабатты үй жылыту маусымына дайын емес

Петропавлда әрбір төртінші көп қабатты тұрғын үй жылыту маусымына дайын емес.

Жаз айларында тұрғындар құбырларын бір рет сынақтан өткізіп, жуып-шаю жұмыстарын жүргізуге тиіс. Әзірге мамандар 300-ге жуық мекенжайды тексеріп, оң қорытынды шығарған.

Қыстың қамын жаз ойла. Бұл үйдің тұрғындары жылыту маусымына ерте қамданады. Әр подъездің құбырын жоғары қысыммен тексертіп, осал жерлерін жөндейді. Содан кейін барып жүйені толық жуып шаяды.  

Юрий Виничевский, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Егер құбырларды қысыммен тексермесе, қыстың суығында сыр беруі мүмкін. Онда жағдай қиын болады. Сондықтан бұл жұмысты уақытында жүргізген жөн. Аязда алаңдамайсың. 

Жылыту жүйесі тексерістен өткеннен кейін үйдің «қысқа дайын» деген төлқұжаты беріледі. Қазір Петропавлда 1100-ден аса көпқабатты үй бар. «Өкінішке орай, кейбір тұрғындар бұл жұмысқа күздің қара суығында бірақ кіріседі», - дейді мамандар. 

Аслан Ілиясов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

- Жыл сайынғы маусымда бір 20 - 30 көпқабатты көп пәтерлі үй осы жұмысты уқытында өткізбейді. Сондықтан ол үйлер жылыту маусымы басталып кеткеннен кейін қазан айының ішіне дейін жасайды сол кезде ғана. Сол үйлерге айтатынымыз осы жылыту маусымын дайындықты кешіктірмей бірінші қыркүйекке дейін өткізулерін сұраймыз. 

Өйткені жылу қыркүйектің ортасына қарай беріледі. Қазір қалада жерасты құбырларын жөндеу жұмыстары да қатар жүріп жатыр.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Осы жазда қала бойынша 6 шақырым құбыр жөнделеді. Оған жылумен қамту компаниясы 625 млн теңге бөлді. Сонымен қатар олардың есебінен негізгі магистральдің бірі ауыстырылып жатыр. Ал жылу электр орталығында былтыр құлаған құбырдың құрылысы келесі жылы аяқталады. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков