Павлодарда қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіші жақсарды

Жыл басынан бері Павлодардың онкологиялық диспансерінде 3,5 мыңдай адам емделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 682 науқасқа артыпты. Бүгінгі таңда әйел адамдардың 62%-і сүт безі мен жатыр мойынының қатерлі ісігі бойынша скринингтен өтті.

Аурудың жалпы құрылымына келсек, бірінші орында ішек, екінші орында сүт бездері, үшінші орында өкпенің қатерлі ісігі тұр. Асқыну көрсеткіші 10,6%-ке төмендепті. Бұл – онкологиялық ауруларды бастапқы сатысында анықтаудың нәтижесі, - дейді мамандар.

Сонымен қатар мыңнан астам науқасқа КТ және МРТ зерттеулері жүргізілген. Облыс бойынша скринингтік бағдарламаға 32 емдеу мекемесі қатысады. 72 жалпы практика дәрігері мен тексеру кабинеттерінде жұмыс атқаратын 83 маман дайындықтан өткен.

Айгүл Мұқышева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Республика бойынша Павлодар облысы қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны жағынан бірінші, екінші орынға шығады. Скринингтер ауруды ерте бастан анықтау мақсатында жүргізіледі. Ауруды бастапқы кезеңде емдеу оң нәтиже береді. Терең зерттеулер жүргізуге де қолайлы болады.