Алматыдағы тұрғын үйдегі өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Алматыдағы Аққкент ықшам ауданындағы өрт шыққан тұрғын үйде апат баспалдағына кірер есік жабық болған, сондай-ақ ғимаратта желдету жүйесі істен шыққан.

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлады. Қазір өрт болған үй қоршауға алынды. Тұрғындарға тек киімдерін алып шығуға рұқсат етілді.

Ақкенттің тұрғындары кешегі апаттан әлі де ес жия алмай отыр. Жарақат алғандарды айтпағанда, «төрт мүшеміз сау болса да, қорқыныш пен үрейден арыла қоймадық», - дейді олар.

Ақырыс Мұқанова, куәгер:

- Тура лифтінің түбінде менің есігім. Өртеніп жатты. Далаға шығу мүмкін болған жоқ. Біз балконға қарай қаштық. Сосын балконнан көмек сұрадық. Менің көршілерім секірді барлығы. Жастар, қыздар. Ата-аналары үйлерінде жоқ. Қорыққанынан секірді. Менің оң жағымдағы көршімнің қызы да ауруханада жатыр.

Аман қалғандар қызыл жалын мен қара түтін басқан үйден тұрғындарды алып шыққан азаматтарға алғысын айтып тауыса алар емес. Иә, кешегі өртте қарапайым халықтың жұдырықтай жұмылып, іште қалғандарға көмек қолын созғанын көз көрді. Солардың бірі – 29 жастағы Тілеужан Ахметхан. 

Тілеужан Ахметхан, куәгер:

- Бірінші иісті сездім. Сезген уақытта бірден әйеліме айттым балаларды жина, далаға алып шығамыз дедім. Тура баспалдаққа келген кезде сендер шыға беріңдер дедім. Өзім 16-шы қабатқа көтеріліп кеттім. Кісілер келіп, Тілеужан, рақмет, баламды алып шығыпсың, Тілеужан, рақмет, менің әйелімді алып шықтың, Тілеужан, рақмет, бауырымды көтеріп алып шығыпсың деп. Қызымды алып шықтың, немеремді алып шықтың деп рақметтерін айтып жатыр көршлеріміз.

Өкінішке қарай, өрт салдарынан 1 жас келіншек көз жұмды. Ол 5-ші қабаттан секірген кезде ауыр жарақат алған. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері тұрғындардың қорқынышқа бой алдырғанын айтады. Бірақ олардың мұндай қадамға шарасыздықтан барғаны – шындық. Себебі ол үйде түтінді сейілтетін желдету жүйесі жұмыс істемейді, апат баспалдағы да қолжетімсіз. 

Ерлан Әлібеков, Алматы қ. ТЖД басшысының міндетін атқарушы:

- Кешегі өрт сөндіру кезінде біз байқадық, түтінді далаға шығару жүйелері кеше істемеді, бұл әр қабатта болу керек. Егер кеше ол жұмыс істеген жағдайда қабаттар түтінге толмас еді. Авариялық құтқару жолдарын, жаңа мен айтып кеттім, оларды да іске дұрыс пайдаланбай, жауып тастаған болатын. Осындай кемшіліктер кезінде біз анықтадық.

Кешегі өрттен 49 адам зардап шекті. Оның ішінде 2 ересек адам, 15 бала ауруханада ем алып жатыр. Науқастардың денсаулығы дәрігерлердің бақылауында.

Ләйла Иманғалиева, Алматы Қ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда 3 науқас реанимацияда жатыр, оның ішінде 2 ересек адам, 1 бала. Баланың жағдайы тұрақты, улану себептерімен ауыр дәрежелі болғандықтан, қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Жергілікті әкімдік тұрғындарға уақытша тұрақтау үшін сол маңдағы лицей мен қонақ үйден жатын орын ұйымдастырған. Дегенмен адамдардың көбі әзірге туысқандарын паналап отыр. Үйді салған құрылыс компаниясы марқұмның отбасына 2 бөлмелі пәтер беретінін айтты. Апақ-сапақта жұртты абдыратқан апаттың шығу себебі әлі белгісіз. Өртке қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоаралық комиссия құрылып, тергеу-тексеру жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Эдуард Кон.