Түсі өзгерген Усолка өзенінен зиянды заттар табылмады

1 апта бұрын түсі өзгеріп кеткен Усолка өзенінен зиянды заттар табылмады.

Оны санитарлық және микробиологиялық зерттеу қорытындысы көрсетті. Су құрамында ауыр металл, сілтілер немесе өзге де қауіпті химикаттар жоқ.   Өзен ашық көгілдір түске боялған кезде мамандар суға мыстың күкірт қышқылы құйылған болуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Алайда арнайы бояудың суға араласқаны белгілі болды. Бірақ оның өзенге қалай құйылғаны белгісіз. Десе де бұл заттың қоршаған орта мен жан-жануарларға зияны жоқ.

Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіледі. Материалдар полиция департаментіне жолданды.

Мағзұм Қоқымбаев, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Усолка өзенінің бір учаскесін толық зерттедік. Жақын маңда жанар-жағармай құю бекеттері сияқты кәсіпорындар жоқ. Бұл жерге ассенизаторлық көліктер де кіре алмайды. Егер зиянды сұйықтықтарды өзенге төгетін болса, көліктердің ізі қалар еді. Экологтардың пайымдауынша, белгісіз адамдар өзен түбінде бояу құйлыған бакты лақтырып кеткен. Кейін соның ішіндегі бояу суға таралған.