Қостанайда «Kostanay Invest 2023» форумы өтіп жатыр

Қостанай облысының кәсіпкерлері сүт-тауарлы фермаларды дамыту үшін жүз миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Бұл бағытта 20-дан астам жаңа кәсіпорын ашылады. Аталған саланың болашағы зор саналады. Өңірде өтіп жатқан «Kostanay Invest 2023» форумында өзге де тартымды бағыттар талқыланып жатыр. Жалпы облыс ірі жобаларды жүзеге асыру үшін географиялық тұрғыда қолайлы саналады. Әрі инвесторларға аймақта қолайлы жағдайлар жасалып отыр.

Индустриялық аймақ арнайы инвесторлар үшін ашылған. Оның ауданы 400 гектар. Мұнда ондаған зауыт салынады. Бизнеске жер учаскесі және дайын инфрақұрылым беріледі. Бұл жерде ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында екі кәсіпорын ашылды. Болашақта тағы он – жеңіл және ауыр техниканы, сондай-ақ көлік-логистикалық кешенін шығаратын зауыттар салынады. Бұл тек бастамасы ғана. Инвестициялық форумда жаңа іскерлік қатынастардың мүмкіндіктері талқыланды.

Роза Горянная, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Форум қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияны көптеп тартуды көздеп отырмыз. Бұл облыс экономикасын нығайту үшін жасалып отыр. Жалпы құны 700 миллиард теңгеден астам сомаға екіжақты келісімдерге қол қою жоспарлануда.

Өңірдегі ірі агрохолдинг инвестиция салуға болатын мүмкіндігі мол саланы тапты. Енді олар өсімдік шаруашылығымен қатар сүт-тауарлы фермаларын да дамытатын болады.

Әлішер Қожаназаров, "Олжа Агро" ЖШС бас директоры:

- Біздің Стратегиямыз әртараптандыруға бағытталған, өйткені тек осындай жоспар қана ауылшаруашылық компанияларына тұрақты дамуға мүмкіндік береді. Ең жақсы технологияларды тартқымыз келеді. Бұл тұрғыда Франция, Голландиялық өндірушілерді қарастырып жатырмыз.

Компания 10 мың сауын сиыр ұстайтын 6 сүт-тауарлы фермасын салуға ниетті. Ол үшін шаруашылықтың жайылымы мен жем-шөбі жеткілікті.

Әлішер Қожаназаров, "Олжа Агро" ЖШС бас директоры:

- Бірінші кезеңде біз бұл бағытқа шамамен 100 млн доллар салуды жоспарлап отырмыз. Екінші кезеңде жоспар бойынша сүт өңдеу зауыты салынады. Біз мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланғымыз келеді.

Жалпы, алдағы жылдары өңірде жиырмадан астам сүт-тауарлы ферма салынады. Ол үшін жүз миллиард теңге инвестиция тартылады.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров