Жезқазғанда Аграрлық несие корпорациясының бөлімшесі ашылды

Енді ұлытаулық шаруалар мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелерге өтінім беру үшін ірі қалаларға барып әуре болмайды.

Іс-шараға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты. «Аграрлық несие корпорациясы» осы холдингтің еншілес ұйымы. Еліміздегі барлық өңірде филиалдары бар. Жаңа облыстың құрылуына орай жыл басында жұмысын бастаған Жезқазғандағы орталық салтанатты түрде ашылды. Шаруаларға бүгінге дейін 1,8 млрд теңге несие берілген.

Ілияс Бекмағамбетов "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Ұлытау облыстық филиалының директоры:

- Биылғы 7 айдағы көрсеткіштер 2022 жылғы көрсеткіштен әлдеқайда асып түсті. Бұл әрине жаңа филиалдың ашылуымен тікелей байланысты. Себебі, қазір өңір шаруаларына несиеге өтінім беру жеңілдеді. Күнделікті келіп қажетті кеңестер алып отырады. Несие алушылардың артуына байланысты екінші тоқсаннан бастап қаржыландыру көлемін қосымша 1 млрд теңгеге арттырдық.

Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен табысқа кенеліп отырған шаруашылықтың бірі «Бақыт» жеке кәсіпкерлігі. 4 жыл бұрын құрылған шаруашылық бүгінге дейін екі мәрте жеңілдетілген несие алып мал басын еселеп өсірді. Мұнда қазір сиыр 400-ге жуық, қойдың басы 2 мыңнан асады. Ет-сүт бағытындағы шаруашылық 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Дулат Тәшенов, шаруа:

- Былтыр молочный, сүт бағытындағы сиырлар әкелдік. 96 бас. Сауатын аппарат алдық 30 млнға кредит бағдарламасымен. Трактор және шөп үгітетін дробилка алдық. Енді алла қаласа биыл жылқы аламыз ба деп отырқ. Қазір Агрокредит Жезқазғанға келгелі жақсы болды. Бұрыңғыдай Қарағандыға барып жүрмейміз.

Бүгінде филиалда «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» және «Жастарға арналған шағын несие» деп аталатын 4 бағдарлама іске асырылып отыр. Жыл басынан бері несие корпорациясының қолдауымен 73 азамат жаңадан кәсіп бастаған. Оларға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын 352 млн теңге қарыз берілді. Ал «Агробизнес» бағдарламасы аясында  40-тан астам фермер мал және өсімдік шаруашылықтарын дамытуға 1,3 млрд теңге несие алған. Қолдау шаралары алдағы жылдары да жалғасады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев