Ақтөбеде 7 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып жатыр

Бұл орын тапшылығын және үш ауысыммен оқыту мәселесін жою үшін қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саладағы бұл проблеманы алдағы 3 жылда толық шешу көзделіп отыр. Ол үшін 40-тан астам жоба жасалады.

Қаладағы №14 орта мектеп жанынан салынып жатқан ғимараттың құрылысы қыркүйекте аяқталуы тиіс. 320 балаға арналған мектепте былтыр 4 есе көп оқушы білім алған. Биылғы оқу жылында да бала саны аз емес. Сондықтан ғимарат жанынан 200 орындық жапсарлас нысан салынып жатыр. Құрылысшылар жаңа ғимаратың жан-жағын абаттандырып береді.

Бақытжан Сауменов, қала тұрғыны:

- Менің осы мектепте 5 бала-шағам оқиды. Көріп жүргеніміз, мектеп өте тар болды. Балалар кабинеттен кабинетке көшіп, үшінші ауысым бола жаздады. Соған дейін де баруға жақындады енді. Сол кабинеттің азшылығынан және тарлығынан. Бұйырса, балаларға кең мектеп болады деп ойлаймын.

Қосалқы ғимарат №47 орта мектеп ауласында да салынып жатыр. Іргетасы қаланып, қабырғасы енді көтерілсе де, жыл соңына дейін құрылысты толық аяқтау көзделіп отыр. 3 қабатты нысан пайдалануға берілгенде оқу бөлмелерінен өзге, асхана, спорт залы, кітапхана және бірқатар пәннен жаңа үлгідегі кабинеттер болады. Ең бастысы, оқушылар үшін орын тапшылығы мәселесі жойылады. Себебі 250 балаға арналған мектепте 600 бала оқып жүр.

Майя Кенжебаева, №47 орта мектеп директорының орынбасары:

- Мектеп әкімшілігі, көбінесе әлеуметтік педагог бар, психолог бар, мектеп директорларының орынбасарлары бірігіп, бір кабинетте отыруымызға тура келді. Өйткені мектеп оқушыларын отырғызу үшін сол кабинеттерді босатып беруімізге тура келді. Жапсарлас ғимаратының құрылысы басталып, салынып жатыр. Біздер өте қуаныштымыз, ата-аналар да.

Қазір қала бойынша 7 бірдей мектепте дәл осындай жапсарлас ғимарат салынып жатыр. Себебі оқушы саны көп аудандарда жаңа мектеп салатын   жер телімі жоқ. Ал қолға алынған жоба үш ауысымда оқыту мен орын тапшылығы мәселесі жояды. Жалпы оқушыларды мектеппен қамту мақсатында 3 жыл ішінде 44 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Ләззат Ордабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- 2025 жылға дейін 44 жобаны жүзеге асыру көзделді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 17 500 орынға арналған 20 заманауи мектеп салынатын болады. Ал қалған 24-і облыстық бюджет есебінен атқарылады. Қазірдің өзінде 10 млрд қаржы қарастырылып отыр. Жылдың соңына дейін алты жоба іске асады. Арасында білім ұяларына жапсарлас ғимарат салу да бар.

Бүгінгі күні облыс бойынша 9 мектепте орын тапшылығы, 3 білім ұясында үш ауысымда оқыту мәселесі бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов.