Петропавлдың жылу орталығындағы апатқа қатысты сот үкімі шықты

Петропавлда жылу электр орталығында болған апатқа қатысты сот үкімі шықты.

Былтыр наурызда қаладағы 150 метрлік түтін мұржасы құлап, бір адам көз жұмған болатын. Төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынның директоры, бас инженері мен қазандық цехының бастығы қамауға алынды. Оларға «өз міндетін орындамады» деген айып тағылды. Бір жарым жылға созылған тергеу амалдары кезінде күдіктілердің кінәсі дәлелденбеді. Бұрынғы басшылар сот залында ақталып босатылды. Олар енді моральдік өтемақы талап ете алады. Ал іс қайтадан прокуратураға жолданады.

Алмас Жұмағазин, қалалық соттың судьясы:

- Ержан Қоңырбаев, Сергей Торохтий және Сергей Марченко ҚР ҚК 254 - бабы бойынша кінәлі емес деп танылып ақталсын. Олардың қылмысы дәлелденген жоқ. Үкім күшіне енгеннен кейін, қылмыс жасаған адамдарды анықтау үшін іс облыс прокурорына қайта жолдансын.