Павлодарда ойын алаңдарының құрылысы ұзаққа созылып кетті

Павлодар қаласының тұрғындары ойын алаңдары құрылысының ұзаққа созылып кеткеніне шағымданып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктемде көпқабатты үйлердің ауласындағы алаңқайлар сүріліп тасталды. Бетон төселіп, жаңа алаңға орын дайындады. Жоспарға сай жыл аяғына дейін біріңғай үлгідегі жүздеген алаң жабдықталуы тиіс еді.

Павлов көшесіндегі 10 қабатты 3 үйдің ауласындағы ескі алаң мамыр айында бұзылды. 2 апта ішінде жаңасын салып береміз деген мердігер уәдесінде тұрмады.  

Алина Алдажарова, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Шілде айында салынады деді. Жаз өтіп барады. Балалар аптап ыстықта бетонның үстінде ойнап жүр. Жығылып, тізелерін сырып алады. Өте қауіпті. Біздің бұған дейінгі ойын алаңымыз жақсы болатын. Соны қалдырғанда мұндай шу көтермейтін едік.

Бетонның үстінде асыр салып ойнап жүрген балалар да жаңасын асыға күтуде.

Аулаларды абаттандыру ісі бойынша қала әкімдігі ауқымды жұмыс жоспарын құрған. Бір үлгідегі 150 алаң орнатылуы тиіс еді. Бүгінгі таңда оның 28-і қойылды. Бірақ қажетті ойын жабдықтары толық алынбапты. Жоба бойынша ойын алаңы 13 элементтен тұрады. Ол – турник, сырғанақ, әткеншек сынды өзге де ойын құралдары.   

Әлібек Оразалин, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Сертификатталған ойын элементтерін жеткізу ұзаққа созылып кетті. Осыған байланысты жұмыс тоқтап тұр. Алдағы күндері ойыншықтар тиелген жүк көліктері қалаға келеді. Балалар алаңын  абаттандыру жұмыстары толық көлемде жалғасады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тамыз айының соңына дейін жұмыстың 50%-ін аяқтайды.

Санира Жүсіпова, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Партияның бақылау комитеті оны қолына алды. Мониторинг өткізілді. Бүгінгі таңда тамыз айына дейін осы элементтер бәрі толық құрылатын болады. Ал қалған ойын жабдықтары қазан айының ортасына дейін орнатылатын болады деп мердігер уәде беріп жатыр.

Өткен жылы Павлодар қаласы бойынша 175 балалар алаңы жаңартылды. Биыл 150, келесі жылы тағы 135 алаңды абаттандыру көзделген. Жобаны уақытында аяқтауға қолбайлау болатын тұстар да бар. Мамандардың  айтуынша, елімізде ойын құралдарын жасайтын ірі кәсіпорындар жоқ. Олардың көбі тапсырыспен ресейде жасалады.

 Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.