Алматы облысында спорттық лагерь ашылды

Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына арналған спорттық лагерь ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 10 жастан 17 жасқа дейінгі менталды және физикалық дамуында ауытқулары бар балалар мен жасөспірімдерге арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай белсенді демалыстың балаларға пайдасы зор.

Ерлі-зайыпты Асан мен Зәуре кенже қыздары Іңкәр дүниеге келгеннен кейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру лагерін ұйымдастыру туралы шешімге келеді. Іңкәр туа бітті сал ауруына шалдыққан. Ал елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жазғы спорттық лагерьлер жоқтың қасы, - дейді ата-ана. 

Зәуре Итенова, ұйымдастырушы:

- Біз әуелі 20 балаға арналған күндізгі лагерь ұйымдастырдық. Сол кезде біз балалардың көздерінен қуаныш көрдік, оларға осындай белсенді демалыс ұнайтынын байқадық. Сөйтіп, былтыр өз қаражатымызбен, сондай-ақ ата-аналардың үлес қосуымен 4 лагерь өткіздік. Сосын неге лагерьдің ауқымын кеңейтпеске деген ой туды.

Лагерь бейімдеу және паралимпиадалық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар әлеуметтік ортаға оңай бейімделеді. Спортпен айналысуға деген ерік-жігері артады. Лагерь бағдарламасы түрлі психологиялық кедергілерді жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар ата-аналарға да мамандар жан-жақты қолдау көрсетеді.

Асан Итенов, ұйымдастырушы:

- Біз спорттың 5 бағытын таңдадық. Бұл – бочча, паралимпиадалық спорт түрі. Футбол, сондай-ақ енді танылып келе жатқан спорт түрі – стритбол бар.  Сонымен қатар балаларға садақ атуды үйретеміз. 5 күн бойы балалар таңертеңнен кешке дейін әрі демалып, әрі спортпен айналысады.

Жаңа жоба инвесторлар тарапынан қолдау тауып, ауқымы кеңейді. Тіпті бұл лагерьде болған балалардың көпшілігі түрлі паралимпиада командаларына қабылданды. Кеше ғана басталған лагерьдің үшінші маусымында 50 волонтер балалар мен олардың ата-аналарын спорт арқылы ортаға бейімделуге машықтындырады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев.