Мемлекеттік мекемелер отандық кеңсе қағазын тұтынуға міндеттелуі мүмкін

Мемлекеттік мекемелер кеңсе қағазына биыл бірінші жарты жылдықта 11 миллиард теңге жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал былтыр 12 миллиард теңгеге шығындалған. Алайда өнімнің 90%-і шетелден жеткізіледі екен. Жауапты министрлік осыны ескере келе, мемлекеттік органдарды Қазақстанда жасалған кеңсе қағаздарын сатып алуға міндеттеуді көздеп отыр.

Мемлекеттік мекемелер 2 жыл бойы тек Қазақстанда жасалған кеңсе қағазын тұтынуы мүмкін. Қазір осыған міндеттейтін құжат ашық талқылау алаңына шығарылды. Қаулы қолдауға ие болса, А3 және А4 форматындағы кеңсе қағаздарын тек отандық өндірушілерден алу керек.

Мұхамед Андақов, ҚР ИИДМ Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда отандық өнідушінің жүктелімі 7%-дай. 7% қуат. Соны қолдау үшін отандық өндірушінің аяққа тұру үшін, бәсекелі нарыққа шығу үшін, әрі қарай экспортқа шығу үшін осындай қолдау. Қазіргі нормативтік құқықтық акт 2 жылға қабылданады.

Мемлекеттік мекемелер жылына 15 мың тонна қағаз пайдаланады. Ал өндіріс орындарының қуаты бұдан көп. Демек отандық кәсіпкерлер ішкі қажеттілікті өтей алады. Қағаз өндірісіндегі шиказаттың шетелден келетініне қарамастан қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттік қолдау ауадай қажет, - дейді сала қауымдастығының төрағасы.

Батырбек Әубәкіров, Қазақстанның Қаптаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Бізде қағаз нарығының 90% бұрыннан бері импорттық өнімдерден құралды. Бірақ соңғы жылдары біз шикізатты сырттан алдырып, өзіміз өңдей бастадық. Әрине, бұл толық өндірістік цикл емес. Дегенмен қаралып жатқан қаулы отандық кәсіпорындарға демеу болады. Әрі инвестиялық әлеуетті арттырады. Бізге дайын өнім жіберетін шетелдік кәсіпорындар осында зауыттар ашып, Қазақстанда өндірісті дамытуы да мүмкін.

Отандық кәсіпорындар кеңсе қағазын жасау кезінде көбіне ресейлік шикізатты пайдаланады. Кейінгі жылдары Қытай мен Финляндияның өнімін де қолданысқа енгізді. Бірақ ең басты серіктес Ресей болып қала береді. Сондықтан көрші ел нарығындағы жағдай бұл салаға қатты әсер етеді.

Нұрлан Закарьянов, қағаз өндіретін кәсіпорын директорының орынбасары:

- Егер жыл басында баға 2500 теңге болса, бүгінгі таңда жағдай өзгерді. Санкцияларға байланысты ресейлік кәсіпорындардың шетелде сауда жасауға құқығы жоқ. Яғни, барлық қағаз Қазақстанға және осы аумақтағы өзге елдерге жіберіліп жатыр. Соған байланысты баға, әрине, 2 есе төмендеді. Бірақ біз шет мемлекеттермен бәсекелесе алмаймыз. Қазір цех толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз жылына 300 мың қаптама шығара аламыз, бірақ қазір соның үштен бір бөлігі ғана өндіріледі.

Өйткені отандық өнімге сұраныс жоқ. Бірақ баға шетелден жеткізілетін қағазбен пара-пар. Жаңа қаулы күшіне енсе де баға өзгеріссіз қалады. Сарапшылар осылай деп пайымдап отыр. Қазір республикада 6 кәсіпорын кеңсе қағазын дайындайды. Салада 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Ендігі міндет – бәсекелестікті арттырып, отандық өндірісті дамыту. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов.