Мемлекет басшысы Екібастұз тұрғындарымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз тұрғындарымен әңгімелесті.

Кездесуде үйлерді жылумен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. Мемлекет басшысы былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін, Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытып, апат салдарын жоюға атсалысқан, екібастұздықтарға алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде  ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Өз кезегінде тұрғындар, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан, қолдау үшін алғыс айтты. Ендігі мәселе - қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу. Атап айтқанда, Президентпен жүздесуге жиналғандар «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізіп, Шығармашылық үйін, салып беруді сұрады.  Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.