Алматы тауларында жоғалған турист қаза тапты

Бүгін Алматы тауларында іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде ер адамның мәйіті табылды.

Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ол 4 күннен бері іздестіріліп  жатқан турист болуы мүмкін. Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен сая-хатшының 39 жастағы Ресей Федерациясының азаматы екендігі анықталған еді. Ол 5 тамыз күні таңертеңмен тауға кеткеннен оралмаған. Туристі іздеуге Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, волонтерлармен, таныстары жұмылды.

Жанна Дәуренбекова, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Таудағы климаттың күрделілігіне, тау маршрутының ерекшелігіне, тастың құлауына және жартасты рельефке қарамастан іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Табылған ер адамның жеке бас деректері анықталуда. Қазақстандық құтқарушылар жыл сайын тауда 160 жуық туристі құтқарады. Биылғы жылдың басынан бері таулы жерлерде 152 адам құтқарылды. ТЖМ тауға жалғыз шықпауды ұсынады.