Биыл ел бойынша 27 жатақхананың құрылысы аяқталады

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл соңына дейін 11 нысан қолданысқа беріледі.

Мәселе Астана мен Алматыда өзекті. Жатын орын тапшылығының 70 пайызы осы қос қалаға тиесілі.  Сондықтан ірі шаһарларда ахуалдық орталықтар ашылды.

Шымкенттегі жоғары оқу орындарының жатақханаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жиһаз-жабдақтары жаңартылды. Шаһардағы іргелі оқу ордасының бірі 3 мың студентті жатын орынмен қамтамасыз етпек. Инвестордың мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салған екі жатақханасын алды. Мұнда әуелі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге орын беріледі. Ай сайынғы төлемақының орташа мөлшері 7 мың теңгені құрайды.

Шәкен Сұлтанов, ЖОО Тәрбие ісі және жастар саясаты департаментінің директоры:

- Жекеменшік-әріптестік негізде жатақханалар өте көп салынып жатқан. Олармен біз студенттерге жататын орын қажет болған жағдайда алдын ала келісімшарт жасап, алу мүмкіншілігіміз бар. Әзірге бізде екі жатақханамен келісім шарт жүргізгенбіз. 25-інен бастап студенттерді қабылдаймыз.

Биыл 130 мыңнан астам студентті жатақханамен қамту қажет. Ал еліміздегі 345 жатақхана 107 мың адамға шақталған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, орын тапшылығының 70 пайызы Астана мен Алматының үлесіне келеді. Жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық университетіндегі жағдай күрделі. Мұнда 5 460 адам жатын орынға зәру. Ал екінші сатыдағы Еуразия ұлттық университетінің 5 мың студенті жатақханаға мұқтаж. Мәселені Мәжіліс депутаттары да бірнеше мәрте көтерген-ді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елімізде бір миллионнан аса студент білім алады. Бүгінде студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан  астам орынды құрап отыр. Яғни, 70 мың студент пәтер жалдап, оқуды емес, керісінше, пәтерақының қамымен жүргені анық. 2023 жылдың жоспарына сәйкес, 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, бұл процестің баяу әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Жыл бел ортасына жетсе де, алты айда 11 мыңнан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни, 8 пайызы ғана іске қосылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар жобаны қолға алды. Мәселен, қонақ үйлерді жатақханаға бейімдеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде, жыл сайын 4-5 мың орын жаңадан ашылмақ. Сондай-ақ, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша ахуалдық орталық іске қосылды. Егер, студент көшеде қалса, орталыққа қоңырау шалып, көмек сұрауына болады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бұл тек қана ақпараттандыру орталығы ғана емес, диспетчерлік орталық қана емес, өзінің кішігірім үш қалада, Астана, Алматы, Шымкентте кішігірім жатақхана, төсек орындар қоры болады. Яғни, қиын жағдайға ұшырап қалған, әбден далада қалған, ешқайда бара алмаған қиын жағдайда, төтенше жағдайда болып жатқан студенттерімізге арнайы 30 орындық, 20 орындық қорды біз пысықтап қойдық, дайындап қойдық.

Жекеменшік жоғары оқу орындары өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Министрдің айтуынша, жаңа заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Яғни, оқу орнының жауапкершілігі күшеймек.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Жалпы бізде 27 обьект болған биыл  тапсыратын. Оның жетісі тапсырылды, бір үш мыңнан астам төсек орынға. Батыс Қазақстан, Абай өңірінде, Маңғыстау өңірінде, Алматыда биыл 11 объект тапсыруға жоспарлап отырмыз. Әрине, кейбір объектілер қыркүйек айында дайын болмайды, ол жылдың соңында тапсырылады. Сондықтан, он бір обьектімен биыл біз он бір мыңға жуық төсек орынды салып бітіреміз.

Бүгінде елімізде 119 жоғары оқу орны бар. Олар былтыр 180 мыңнан астам адамды қабылдады. Ал, биыл жатақхана мәселесі ушыққан ірі қалалардағы оқу әртүрлі уақытта басталады. Яғни, І курс студенттері 1 қыркүйекте партаға отырса, өзге курстар 18 қыркүйекке дейін сабаққа кіріседі. Осылайша, министрлік бір мезгілде қалаға ағылатын адам нөпірін азайтуды көздеп отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қанат Жолдасбек, Ақылбек Есімсейітов