Петропавлдағы ЖЭО-да мұржаның құрылысы уақытша тоқтатылды

Петропавлдағы жылу электр орталығында салынып жатқан түтін мұржасының құрылысы шұғыл тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жаңа нысан бір жаққа қарай қисайып кеткен. Ақауды анықтаған жауаптылар оны бөлшектеуге шешім қабылдады. Құбырдың қанша метрі бұзылатыны әзірге белгісіз. Ол үшін жобалық ұйым өкілдері арнайы есептеу жүргізеді. Дегенмен монополист компания құрылысты қыркүйекте қайта бастаймыз деп сендірді. Олар барлық шығынды өз мойнына алады. Жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс. Сәтін салса, келер жылы толық іске қосылады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр наурыз айында стратегиялық нысанда түтін мұржасы опырылып кеткен. Төтенше жағдай кезінде машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды.

Дмитрий Захаров, ЖЭО-2 директоры:

- Бұл жағдай алдағы жылыту маусымына еш әсер етпейді. Біз барлық қазандықты басқа мұржаларға қосып қойдық. Сондықтан уайымдауға еш негіз жоқ. Қазір қауіпсіздік нормаларымен талаптарын сақтай отыра, жаңадан салатын боламыз. Негізінен қыркүйектің соңына дейін барлық шаруаны аяқтаймыз деп ойлаған едік. Енді кестеден сәл кешігеміз.