Елде сапасыз байланыс үшін айыппұл өсті

Елде жыл басынан бері сапасыз қызмет ұсынған байланыс операторларына 1 млрд 670 миллионн теңге айыппұл салынды.

Алайда оның тек жартысы ғана өтелген. Нақтырақ айтқанда, қазынаға 836 млн теңге түскен. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінге дейін 400-ден аса жоспардан тыс тексеру жасалған. Министрлік өкілі халық тарапынан интернет сапасына қатысты шағым көп екенін мойындады. Оған қолдану көрсеткішінің екі есе ұлғаюы да себеп болған. Осыған орай тарифті көтеру шешімі қабылданған еді. Қазір сапасыз қызмет ұсынған операторларға салынатын айыппұл да 1000 айлық есептік көрсеткіштен 1500-ге дейін өсті.

Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Тарифтер бұрынғы деңгейде тұрғанда байланыс операторлары шағымдарды реттеу бойынша бірінші нұсқаманы тек 33%-ке орындап келді. Тарифтер көтерілгеннен кейін бұл көрсеткіш 60%-ке жетті. Яғни, іс екі есе ілгеріледі. Бұған айыппұлдың ұлғаюы да ықпал етті.