Қостанайда азаматтық қоғам белсенділері бас қосты

Әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде мемлекет пен бизнес және қоғам арасындағы байланысты нығайту қажет.

Қостанайда өткен азаматтық форумда осы тақырыпқа ерекше көңіл бөлінді. «Халықаралық серіктестік: өңірлік аспект» деген атаумен келелі кеңеске Қазақстан аймақтарынан тыс, бірнеше елдің елшілік өкілдері қатысты. Олар форум аясында жеке секцияларға бөлініп, өзара пікір алмасты. 

Елімізде азаматтық сектордың белсенділігі жылдан жылға күш алып келеді. Мысалы, Қостанай облысында соңғы 3 жылда ғана үкіметтік емес ұйымдардың саны 30%-ке артып, бүгінде мыңға жеткен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі де біршама өскен. 

Абылайхан Кәкенов, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл 1 миллиардтан астам тенге сомасын құрап жатыр. Бұл қаражаттың аясында азаматтық қоғамды ынталандыруға бағытталған жобалар қатары жалпы алғанда облыс бойынша 300 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қоғамдық-экономикалық, саяси даму жолында қазір елімізде өңірлерді дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Оны енді билікті орталықсыздандыру, инвесторлар назарын аймақтарға бұру, әсіресе шекаралас өңірлерге бағыттау сияқты іс-әрекеттерден аңғаруға болады. Бұл ретте азаматтық қоғамға үлкен міндет артылады және халықаралық серіктестікті нығайтудың бүгінде маңызы зор. 

Наут Ван Вауденберг, Орталық Азиядағы Нидерланд Корольдігі елшісінің орынбасары:

- Біз 2 жыл бұрын Қостанайдағы  полиция академиясы мен Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жеке басқа қатысты ақпаратты жариялауды демократиялық негізге келтіру төңірегінде біраз жұмыс істедік. Сол жобамыз сәтті шықты деп ойлаймын. 

Қостанайлық үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық өмірдің негізгі 20 бағыты бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қызметі сан саланы қамтиды. Азаматтық сектордық белсенділігі ауыл аймақтарда да байқалып отыр.

Ерлан Спанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Жүйелі жұмыстардың арқасында үкіметтік емес ұйымдардың саны ауылдық жерлерде артып келеді. Мысалы, 2018 жылы олардың үлесі небәрі 25%-ті құраса, бүгінде 40%-тен асқан.

Форумға қатысқан әр өңір өкілдері өзара пікір алмасып қана қоймай, әлеуметтік әріптестік бағытында іскерлік байланыс орнатты. Астанада өтетін азаматтық форумда айтылатын ұсынымдарын тиянақтап алды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.