Ақтөбеде «Baqytty Bala-2023» байқауы басталды

Ақтөбеде «Бақытты бала» халықаралық байқауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі өнер сайысы биыл 5-ші рет өтіп жатыр.  Әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар бүгін реттік нөмірін анықтап, алғашқы кезеңге дайындалады. Бұл жолы 250 өнерпаздан өтініш түскен. Ақтық сайысқа 20 жас әнші іріктелді. Қазақстанмен қатар Орта Азия елдері, Ресей, Украина, Испания, Ұлы Британия, Германия және Оңтүстік Корея мен Маврикиядан үміткерлер бар.

Қазылар алқасы да халықаралық деңгейдегі кәсіби әншілер отыр. Шешуші кезең 16 тамызда өтеді. Байқаудың бір ерекшелігі, көрермен ықыласына бөленген әншілерге Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері арнайы сыйлық табыстайды.

Қанат Айтбаев, «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі:

- Ең басты мақсат – балаларды өзара достастыру, ел мен елден келген балалардың білім көкжиегін, өнер саласындағы достықтың көкжиегін кеңейту. Ақтөбені таныту. Өнерге талпынысы бар балалардың өзара байланысын күшейту.

Қуаныш Баймұқамбетов, байқауға қатысушы:

- Бұл байқау туралы биыл естідім. Димаш ұйымдастырғанын білген бойда қатысамын деп шештім. Өз өнерімді көрсетіп, атақты әншімен бірге сахнаға шықсам ба деймін. Бүгін «Толғау» әнін айтуға дайындалып келдім.