Қарағанды облысында «Balkhash Tourfest – 2023» фестивалі өтті

Балқаш қаласында 2 күн бойы «Tourfest-2023» фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көл жағалауында жәрмеңке, концерт, түрлі байқаулар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Игі шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Балқаш өңірі еліміздегі ең үздік 10 туристік аймаққа енеді. Көкше көлге шомылу үшін жыл сайын мұнда шамамен 80 мың адам келеді екен. Бұл, әрине, аз. Қаланың туристік әлеуетін одан әрі арттыру үшін көл жағалауында «Tourfest-2023» фестивалі ұйымдастырылды.

Жәмилә Рахпанова, Балқаш қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Фестивальді әдейі көл жағасында өткіздік. Алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 2 күндік бағдарламада көптеген қызықты шаралар қамтылған. Бұл бастамамыз келешекте Балқашқа келетін туристердің санын көбейтуге әсер етеді деп ойлаймыз.

Алғашқы күні демалушылар спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсті. Соның бірі – суға жүзу. Қатысушылардың ең кішісі 10 жаста болса, ересегі – 60-тан асқан ақсақалдар. Бұл күні сондай-ақ қыздар волейбол ойнап, жігіттер жағы арқан тартты.

Келесі күні «Жасыл ел» жасақтары көл жағалауын тазалап, сенбілік өткізді. Ал жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңке ұйымдастырып, келушілерге Балқаштың бал өнімдерін ұсынды.

- Өте күшті көңіл күйдемін. Tourfest жақсы өтіп жатыр. Тамаша.

- Біздің туризм жасасын. Осындай фестиваль көп болсын.  

- Балқаштың «Турфесті», әрине, маған ұнады. Көптеген әншілер көрдім. Жазғы күнімізге жақсы сәттер сыйлады.

Кешкілік танымал әншілердің қатысуымен концерт өтіп, би кеші ұйымдастырылды. Соңында мерекелік отшашу болды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.