Қызылорда облысының диқандары егін жинауға кірісті

Еңбеккерлер бақша, көкөніс өнімдерін түгесіп, күздік бидай, сұлы, арпа секілді дәнді дақылдарды оруда.

Одан бөлек мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жалпы Сыр егіншілері ағымдағы жылы 193 мың гектарға егiн салып, өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектардай жерге артық екті. Оның ішінде негізгі дақыл күрiштің көлемі 90 мың гектар шамасында. Қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес алқаптардың суын байлау жұмыстары басталып кетті. Енді тамыздың аяғына қарай күрішке орақ түседі. Сондықтан шаруалар жиын-терінге шығатын техниканы сайлауға мықтап кіріскен. Әзірге қолда бар 4 мыңдай техниканың 80% дала жұмыстарын атқаруға дайын. Егіншінің сан уайымының бірі - алқапқа су жеткізу болса, енді бірі - жанар-жағармай қорын жасақтау болып тұр.