Елде 14 жасқа дейінгі бала арасындағы өлім-жітім дерегі көбейіп кетті

Елде күн сайын 6 жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тіркеледі.

Ал жыл сайын жеткіншектер арасында 2 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталады. Бұндай статистиканы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева келтіріп отыр. Деморграфтар болса, 14 жасқа дейінгі бала арасындағы өлім-жітім дерегі көбейіп кетті деп дабыл қағып отыр.

Соңғы жылдары елде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім көбейген. Демографтардың сөзінше, жылына 100-ге жуығы түрлі жағдайда қайтыс болып жатады. Бұл статистика осыдан 20 жыл бұрын 73 болған екен.

Шынар Төлешова, Экономикалық зерттеулер институтының бас сарапшысы:
- Бізде 0 мен 14 жас аралығындағы көрсеткіш жоғарырақ болып тұр. Бір жоғарылау тенденциясы бар. Бұл енді статистикалық бюроның мәліметі бойынша. Себебі осы балалардың арасындағы жалпы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуы. Оған әрине біз қоғам болып, ата-ана, мектептегі мұғалім, балабақшадағы тәрбиеші жалпы осылардың барлығы жауап беруі тиіс.

Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті келтірген статистика бойынша жасөспірімдердің өліміне негізінен сыртқы факторлар себеп. Яғни жол-көлік апаты, суицид, терезеден құлау, улану, суға батып кету сынды жағдайлар салдарынан жеткіншектер шетінеп кетіп жатады. Көп жағдайда ойын баласына ата-аналары бас көз бола алмайды. Сондықтан психолог мамандар отбасыда тәрбиеге аса мән беру қажеттігін айтады.

Сымбат Әбдірахманова, «Сенімен болашақ» РҚБ психологы:
- Көп ата-аналармен сөйлескен уақытымызда олардың айтатыны біздің уақытымыз жоқ, біз жұмыс бастымыз деп жатады. Алайда ата-аналарға айтып өткім келеді балалық шақ тез өтіп кететін жағдай. Міне, бүкіл жұмысым бітті, енді балама қарайыншы деген кезде өкінішті жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан осы аз ғана уақытта, тез өтетін уақытта  балаларыңызбен бірге болуға шақырамыз.

Соңғы кезде бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас тым алшақтап кеткен. Сарапшылар дабыл қаққанымен, жағдай еш өзгермей отыр. Мәселен, биыл көктем мен жаз айларында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстанның әр өңірінде арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде бала тәрбиесіне әкелер аз араласады екен.

Жансая Бердімұратқызы,  «Сенімен болашақ» РҚБ төрағасы:
- Әлеуметтік сауалнамаға 32 755 адам қатысты. Оның ішінде 37 пайызы әкелер, 62,7 пайызы аналар. 24 613 балалар. Оның ішінде 51,4 пайызы қыздар, 48,6 пайызы бұл ұлдар. Әлеуметтік сауалнама біздің портретіміздің отбасының әйел адамдар екенін көрсетіп тұр. Бұл нені айтып жатыр? Біздің ер азаматтарымыздың, біздің әкелеріміздің отбасы сұрақтарына белсенді қатыспауы. Олар тек қана жұмысбасты, жұмыс деп жүреді. Ал отбасылық тәрбиеге қатысы жоқ.

Қазір елде балалардың қауіпсіздігі мәселесі өзекті екені жасырын емес. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар өзара бірлесе арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Жаңа құжатта ата-ананың жауапкершілігін арттыру көзделген. Тағы балаға жасалған қылмысқа қатысты жаза да қатаңдатылатын болады. 

Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Жалпы бұл заң жобасы біріншіден балалардың қауіпсіздігіне қатысты енгізілетін түзетулер болады. Біріншіден зорлық-зомбылыққа қатысты және татуласу рәсімін алып тастау бойынша, сонымен қатар сексуалдық қылмыстарға қатысты, суицидке қатысты өзгерістер болады және балалардың жалпы қауіпсіздігіне қатысты өзгертулер енгізілетін болады.

Балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заң жобасы осы күзде Парламентке жолданады деп күтіледі. Кейін депутаттардың сүзгісінен өтіп, жаңашылдық қабылданады деген үміт бар.

Авторлары: Риат Шони, Таир Мерекенов, Ерлан Наурызбаев