Елімізде жаңа технологияларды енгізу үшін жасыл экономика саласын зерттеу басталды

Елге жаңа технологияларды енгізу мақсатында «жасыл» экономика саласын зерттеу басталды.

Оның барысы жайында сарапшылар, бизнес пен ғылым өкілдері, сонымен қатар, экология және цифрлық даму министрлігінің өкілдері елордадағы басқосуда талқылады. «Гринтех» деп аталатын бағытқа ерекше басымдық берілмек. Бұған қоса медицина мен ауыл шаруашылығы технологиясы да тыңғылықты зерттеледі. Мәселен, қазір елде су тапшылығы өте өзекті болып тұр. Бұл тақырып арнайы сессияда көтерілді. Ғалымдардың айтуынша, бізде суды тиімді қолдануды білмейді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында. Бұл ретте үкімет пен экологтардың бірлескен жұмысы аса маңызды дейді мамандар.

Болат Есекин, сарапшы:

- Суды ауылшаруашылығы саласында да, тұрмыстық қолданыста да өте көп шығындаймыз. Мәселен, біздің қалалар Еуропамен салыстығанда 2-3 есе артық пайдаланады. Тиімділік көрсеткіші өте төмен. Тіпті әлем бойынша тізімнің ең соңғы сатыларындамыз. Бізден кейін Сомали ғана тұр. Ендігі мақсат осы тығырықтан шығудың жолын табу. Яғни техникалық және технологиялық инновацияларды игеруіміз керек.