18 жастағы бақташы айына 500 мың теңге тауып отыр

Он сегіз жастағы студент Айдос Тұрғын мал бағып, айына 500 мың теңге тауып отыр.

Бақташы бала Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет ауылында тұрады. Көкшетауда білім алатын жас өрен үй айлық демалысын өз ауылында мал бағуға арнаған. Нәтижесінде мол табысқа кеңеліп, жаңа оқу жылына қамданып алғанын айтады.

Бұл Айдостың күнделікті тірлігі. Алдындағы 250 бас ірі қараны көзден таса қылмайды. Себебі ауыл тұрғындары жайылымдағы малдың әр басы үшін оған екі мың теңгеден төлейді. Айдос қазір мал бағуға әбден шыңдалып алған. Тіпті өрістегі малдың қай жаққа беттеп,  қай тұста жайылатынына дейін біледі.

Айдос Тұрғын, студент:
- Біріншіден ауылдан қашатын ештеңе жоқ. Ауыл деген тамаша ғой. Таза ауа, айналамыз орман міне. Мал деген үлкен ауыр қиыншылық әкелетін нәрсе емес. Мал асырап, жақсы ақша табуға болады. Кейбір жастар неге қашатынын білмеймін қалаға. Мүмкін жеңіл жұмыс іздейтін шығар.

Бақташы бала Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов универтитетінде білім алады. Мамандығы тау-кен ісі. Үйдің тұңғышы. Сондықтан оған ата-анасы үлкен жауапкершілік артып отыр. Жалпы Айдосты мал бағуға әкесі баулыған. Ол баласының болашағын ауылмен байланыстырғысы келетінін жасырмайды.

Дәулет Баймұқанов, Айдостың әкесі:
- Екі ер балам бар. Айдос және Нұрали деген кіші ұлым бар. Ол қазір шөпте. Ол да еңбекқор. Негізі менің мақсатым - ұлдарым ауылға келіп, еліне қызмет етсе деген мақсатым сол. Сырттан ілім, білім алып, тәжірбие жинақтап ауылға үлес қосқаны жақсы. Жастар ауылдан кетпесе екен деймін.

Жас өреннің арманы асқақ. Ол өз қатарластарына мал бағып-ақ жақсы табысқа кенелуге болатынын дәлелдегісі келеді.

Айдос Тұрғын, студент:
- Болашақта мал басын көбейтіп, өзімнің кішігірім мал фермамды ашқым келеді.  Осы ауылда отырып-ақ жақсы табуға болады.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан бақташы бала оқуға қамданып жатыр. Ал демалыс күндері әкесіне барып көмектесіп тұруға ниетті. Ол биылғы бастамасын келер жылы да қолға алуды көздеп отыр.

Автрлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка