Атырауда шағын және орта кәсіп иелеріне қолдау көрсетіледі

Атырауда полипропилен өнімдерін шығаруға ниетті шағын және орта кәсіп иелеріне қолдау көрсетіледі.

Әзірге пилоттық жобаға 25 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Егер жоба жемісті болса, алдағы уақытта министрліктермен бірлесіп, мұнай-химия саласын дамыту бағытында кешенді жоба дайындалады. Бұл туралы бүгін мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен барған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған холдинг сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамыту және халықты тұрғынүймен қамту бойынша қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Биыл облыс әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 46 жас қоныс тойын тойлаған. 30-ға жуығы қазір «Отбасы банкінен» қолдау тауып, қолайлы тұрғын үй іздеуге кірісіпті. Сондай-ақ жуырда әлеуметтік осал топтағы азаматтардың алғашқы жарнасыз үй алуына арналған тың жоба қолға алынады.   

Нұрлан Ақшанов «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Облыс әкімдігі 1 млрд 600 млн теңге қаржы бөлді. Көпбалалы отбасы, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар медицина мамандары үшін де арнайы бағдарлама жүзеге аспақ. Өйткені өңірде білікті мамандар тапшы. Оларды өңірге тарту мақсатында осындай жеңілдіктер қарастыру жоспарланып отыр.