Мүмкіндік шектеулі емес

Сал ауруына шалдықса да сау адамнан артық болмаса кем емес.

Елордада тұратын ағайынды Айтянковтардың өмірі көпке үлгі. Қос бауыр мүгедектігіне қарамастан кәсіп ашып, адал нәсібін тауып отыр.

Бұл жігіттердің еңбекке деген құлшынысы қай адамды да қайран қалдырады. Елнар мен Елдар міне, үш жылдың жүзі болды, осы қуықтай жерде өз ісін шыр айналдырып отыр. Таңның атысы, күннің батысы демей, қолда бар құралмен бұзылған техниканы жамап жаңалайды. Қос бауырдың сырқаты ауыр. Алайда тағдыр тәлкегі олардың жігерін жасыта алмады. Керісінше, қайрай түскендей.

Елнар Айтняков, шебер:
- Бала кезден істен шыққан техниканы су жаңадай жөндеп қойғанды жақсы көремін. Содан болар, кәсіп ашуда көп ойланбай қолдан келетін іспен айналысқан жөн деп таптық. Астанаға келгенімізге 5 жылға жуықтады. Бұған дейін Павлодар қаласында дәл осылай жұмыс істедік. Бірақ ол жерде жеке ғимаратымыз болмады. Қазір қолдан келгенше кәсібімді түрлендіріп, күнде жаңа бір дүниені жөндейтіндей дәрежеге жеттік. Он екі мүшесі сау адам үшін бұл оңай көрінуі мүмкін, бірақ бұл іс табандылықты қажет етеді

Қос азамат қолдан келгенше қоғамға пайдалы болсақ дейді. Туған өлкесі Павлодардан еңселі елордаға жетелеген де осы ниет. Бастапқыда жат орта жатырқаса да, кейін тірмізіктеп жүріп ашқан кәсібіне де береке кірді. Бұл әрине, қайсар мінез бен еңбекке деген адалдықтың ақтауы.

Елнар Айтняков, шебер:
- Адамдармен жұмыс істеу үшін ең бірінші төзім керек. Кейде істегеніңді ұнатпай қалады. Бірақ мен мойымаймын. Мұндайда барынша сабырлы болып, айтқанын ойындағыдай жасап беруге тырысамын. Мені іздеп, маған сеніп келген адамды ырза қылсам, сол мен үшін үлкен бақыт.

Десе де, барға шүкір деп қамсыз отыру бұл жігіттерге жат. Елнар мен Елдар енді кәсібін кеңейтіп, өзі секілді ғаріп жандарды жұмысқа баулысақ деп армандайды. Ол үшін алдымен бұл жерге мүгедектердің емін еркін келуіне жағдай жасау керек. Өкінішке қарай, айналуға келмейтін мына аядай орында ол туралы ойлаудың өзі артық.

Елдар Айтняков, шебер:
- Ендігі ең бірінші мақсатымыз - жаңа орынға көшу. Мына жер жұмыс істеуге келмейді, тар. Бірақ соның арқасында жан бағып отырған соң, көндіккеннен басқа шара жоқ. Кең орынға көшсек, өзіміз секілді көмекке мұқтаж жандарға білгенімізді үйретіп, тәжірибемізбен бөлісер едік. Әрине, оған да уақыт пен сәл қаражат керек

Адамды танығың келсе, тірлігіне қара. Иә, бауырлардың өмірге деген  махаббаты мен ерік жігерінің мықтылығы тәнті етпей қоймайды. Ал мына баспалдақтар азапты болса да, Елнар үшін ең ғажап. Себебі күнде осы жолмен ол үйдегі аяулы жары мен қос бірдей қызғалдағына жетуге асығады. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Арман Ақшабаев