Халықтың алғысына бөленген дәрігер

Абай облысында 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар.

Оның мыңнан астамына сал ауруы диагнозы қойылған. Бұл санаттағы жандарға Семейлік жас дәрігер Данияр Болатов көмек қолын созып жүр. Ол бұған дейін 500-ге тарта баланы аяғына тұрғызған.     

Бес жасар Айшаны анасы Қарағандыдан арнайы алып келіпті. Қызының Данияр Болатовтың нұсқаулығымен емдік дене шынықтыру жасап жүргеніне үш жылға жуықтаған.

Эльнара Смағұлова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Ол әуелі бізге келіп жүрді. Қазір біз Семейге келіп, ем қабылдап жатырмыз. Осы уақыт аралығында қызым еңбектеуді, өз бетімен отыруды үйренді. Бүгінде ақырындап жүруге талаптана бастады. Біз бұған дейін көптеген мамандардың алдына бардық. Даниярға келгелі қызымның денсаулығы әжептәуір жақсарды.

Қолы алтын дәрігер күніне 10 адамға ем-дом жасайды. Емдік дене шынықтыру курсы 1 жылдан 5 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Айгүл Жақыпова, Семей қаласының тұрғыны:
- Даниярдың қабылдауына кіру өте қиын. Ол кісі бізді тізімге кіргізіп қояды, уақытын тағайындайды. Сол уақытта біз үзбей келіп тұрамыз. Біз арнайы Алматыдан келеміз. Данияр Нұрбекұлына осы уақытқа дейін жасаған еңбегіне үлкен алғыс айтамыз.

Данияр әр баланы жеке бағдарлама бойынша емдейді. Он жылдық еңбек тәжірибесінде 500-ден астам жеткіншектің аяғынан тік тұруына көмектескен.

Данияр Болатов, емдік дене шынықтыру бойынша нұсқаушы:
- Жалпы әр балаға әртүрлі. Мидың ошағының зақымдануына байланысты. Кейбіреулеріне жарты жыл да жеткілікті. Кейбіреулеріне 5 жыл да аз болады деген сияқты. Енді бірінші қасиет балалармен қарым-қатынас, тіл табысу. Сол бірінші орында тұрады деп ойлаймын. Жыл сайын жан жаққа барып білім аламыз. Білімді де қажет етеді. Және шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді.

Айта кетейік, Абай облысында 800-ден астам тірек қимыл аппараты бұзылған және сал ауруына шалдыққан бала бар. Оларды емдеу мақсатында Семейде 150 орындық оңалту орталығы ашылды. Алдағы уақытта облыста осындай бірнеше нысан салынады деп жоспарлануда.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы