Өмірге құштар, еңбекке адал жандар

Қарағандыдағы тігін фабрикасындағы жұмысшылардың 60 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар.

Кейінде бұл мекеме өнім түрін өзгертіп, туа-бітті сал ауруы бар балаларға арнайы орындықтар мен экологиялық таза ойыншықтар шығара бастаған.

Осыдан 7 жыл бұрын ескілеу екі тігін машинасымен басталған кәсіп бүгінде осындай ірі фабрикаға айналады деп ешкім ойламаған. Бұл өзінің де денсаулығында ақауы бар, екінші топтағы мүгедек - Асхат Есентұров пен оның досы Асхат Жұмағұловтың бастаған кәсібі болатын. Асхат Есентұров жақында денедеген ауруы салдарынан өмірден озды. Ал Асхат Жұмағұлов досының аманатын арқалап, жұмысты жалғастырып келеді.

Асхат Жұмағұлов, тігін фабрикасы басшысының орынбасары:
- Асхат бір кезде жұмыс таба алмай қатты қиналды. Қайда барса да оны құр уәдемен шығарып салатын. Кейін ол бізде мүмкіндігі шектеулі жандарды ешкім керек етпейді деп қатты күйінді. Бірақ ол ешқашан жеңілмейтін. Еңсесін көтерді де «тігін саласымен айналысамыз, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа аламыз», - деді. Ол өз уәдесінде тұрды.

Дәркен Аймағамбетов 10 жыл полиция сапында жұмыс істеген. Алайда бір күні өзі де жол апатына түсіп, алған жарақаттарынан төсекке таңылады. Өмірден түңілмеген ол аяғын қайта баса салып, білім іздеп алдымен дәнекерлеуші, одан кейін тігіншілік курстарын үйренді. Бүгінде осындағы ең беделді жұмысшылардың бірі.

Дәркен Аймағамбетов, тігінші:
- Осында істеп жүргеніме 5 жылдан асты. Қалай курс бітірдім содан бері істеп келемін. Алты айдай жаттық. Өздеріңіз білесіздер көп жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа ала қоймайды. Осы жерге қалай келдім, бірден алды. Біз сияқты көпқой үйде отырған, соларға айтатыным ешқашан жүдемей, ізденіп, оқу керек.

Кәсіпорын - Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жаншуақ» халықаралық қоғамдық сыйлығының иегері. Сонымен бірге «Үздік жұмыс беруші» мәртебесін де иемденген. Қазір осында тұрақты жұмыспен қамтылған 60 адамның дені мүмкіндігі шектеулі жандар. Фабрикада жыл сайын шамамен 10 мыңға жуық жазғы және осынша көлемде қысқы арнайы киім тігіледі. Болашақта әлеуметтік бағыттарға қамқорлық көрсету саласы дами түспек. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар