Мұғалімдерді жұмысқа қабылдайтын арнайы портал іске қосылды

Шымкентте мұғалімдерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы портал іске қосылды.

Өйткені Антикор автоматтандырылған ақпарттық-талдау жүйесін қайта жаңғыртып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға нұсқама берген. Осыған орай Білім басқармасы педагогтарды конкурс арқылы іріктеу шарасын 20 тамызға қалдырды. Алайда жаңа оқу жылына дейін санаулы күн қалды. Білім беру ұйымдары мұғалімдерді түгендеп үлгере ме?

Жас маман Сымбат Темірқұл жоғары оқу орнын үздік тәмәмдап, бірден жеке меншік мектепке жұмысқа қабылданды. Айтуынша мамандығы бойынша ізденістері мен жетістіктері ескеріліп, жоғары жалақы ұсынған. «Ал мемлекеттік білім ордалары жариялайтын бос жұмыс орындарына тұру оңай емес», - дейді.

Сымбат Темірқұл, жас маман:
- Қазіргі жас мамандарға жұмыс табу көбінесе қиындау болады. Мен жас мамандардың ішінде ең бақытты адаммын деп есептеймін. Өйткені мен университетті бітіріп, бірден жұмысқа орналасып кеттім. Жеке меншік мектепті таңдаған себебім маған ыңғайлы болды. Қаражат жағынан және мектеп барлық талапқа сай жабдықталған. Ертең сабақ өтуде қиналмаймын деп ойлаймын.

Шымкентте мұғалім мамандығын алған түлектердің басым бөлігіне тұрақты жұмыс табылады. Ұстаздар шеберханасына айналған іргелі оқу ордасының басшылығы осылай дейді. Статистикалық көрсеткіштің жақсаруына демографиялық өсім мен жаңа мектептердің салынуы себеп.

Гүлжан Сүгірбаева, ОҚМПУ ректоры:
- Соңғы жылдары, әсіресе 2019 жылы педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан бері педагогика мамандықтарын таңдайтын балалардың саны өсіп келе жатыр және сапасы да көтеріліп жатыр. Жылда жұмыспен қамту мәселесінде біз 80% асамыз. Биыл мысалы біздің түлектеріміздің 94% жұмыспен қамтылды.

Шымкентте онлайн портал арқылы мұғалімдерді жұмысқа қабылдау екі жылдан бері жүргізіледі. Білім басқармасының басшылығы «ақпараттық жүйе қайта жаңғыртылып, қолданушылар үшін анағұрлым оңтайландырылды», - дейді. Электронды формат ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайластықты болдырмауға бағытталған.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Кез-келген бос орындар, кез-келген жұмыс орындарының конкурстық іріктеу жұмыстары адами факторсыз автоматтандырылған жүйеде жүзеге асырылатын болады. Арнайы балл жүйесі қойлыған №57 бұйрық негізінде. Жоғары баллға ие болған үміткер ұстаздық жұмысқа қабылданатын болады. Дәл осы прициппен автоматтандырылған жүйе іске асады.

Білім басқармасы басшысының сөзінше мұғалімдерді жұмысқа қабылдау кешіктіріліп жатқанымен, маман жетіспеушілігі болмауы тиіс. Өйткені қалада 38 мыңнан астам педагог бар. «Бұл өз кезегінде жұмыс берушілердің жоғары талап қойып, білікті кадр таңдауына мүмкіндік береді», - дейді. Тек соңғы жылдары аймақтағы мектептерде орыс тілді педагогтардың жетіспеушілігі байқалады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов