Батыстағы Бөрлі ауданында су тасқынының зардабы толық жойылды

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында көктемгі су тасқынының зардабы толық жойылды.

Аралтал ауылында 7 үй тапсырылса, Пугачев ауылында 4, Кеңтүбек ауылында 5 үй пайдалануға берілді. Табиғат апаты кезінде баспаналары жарамсыз болғандарға арнап салынған үйлердің аумағы  83 шаршы метр. Ішінде тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Әр үйдің құрылысына төтенше жағдай қорынан 30 миллион теңге қарастырылыпты. Жалпы Бөрлі ауданы бойынша су тасқынынан кейін 192 тұрғыннан өтініш түскен. 154 жанұяға 76 миллион теңгенің қаржылай көмегі көрсетілді. 

Гүлсім Бахридинова, Кеңтүбек ауылының тұрғыны:

- Тілсіз жау ғой әрине. Бір түнде кіріп кеткен су оңай емес. Кешіп жүрдік ортасында. Жақындарымызда екі-үш күн болдық су кеткенше. Содан  кейін барып үйге оралдық. 

Нұрлан Қазиев, Кеңтүбек ауылының әкімі:

- Ауылымызда Шыңғырлау өзені бойындағы 40 шақты үй суға кетті. Соның ішінде жарамсыз деп танылғаны 5 үй.

Оның сыртында Қызыл ай қоғамы көмектесті. Ендігі үйлер жарамсыз деп танылған 5 үйге жаңадан бес үй салынып, тез арада іске қосылып, бүгін беріліп жатыр.