Жұмыскер ауылы 90 жылдығын атап өтті

Қарағанды облысына қарасты Жұмыскер ауылында биыл ауылішілік жолдар жаппай жөнделіп жатыр.

Оған бюджеттен 55 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ жарықшамдар сап түзеп, түнгі уақытта жүріп-тұру жеңілдеген. Ал кәсіпкерлер болса туған ауылына концерттік бағдарламаларға арналған сахна, көкпар ойнайтын алаң салып беріпті. Бұл жастарды өнер мен спортқа баулу мақсатында жасалып отыр. Аядай ауылда мұндай замануи алаңдар тіпті өткен кезеңдерде де болмаған.

Шет ауданы мен тоғыз жолдың торабы саналатын Ақадыр кентіне баратын жолаушылар Жұмыскер ауылын жақсы біледі. Мына көрікті мешіт осы ауылдың символына айналған. Оны осы жердің тумасы кәсіпкер әрі меценат Мұрат Жадаев салып берген. Ауылдастар бүгінде бір атаның баласындай бірігіп тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап отыр.   

Мұрат Жадаев, шараны ұйымдастырушы, меценат:
- Біздің басты міндет ауылды көркейту болды. Ауылға естелік қалғанын жақсы көрдік. Сондықтан ауылға сахна жасадық. Жиналамалы емес, сол жерде тұрады. Ауылға мәдениет дәретханадан басталады дегендей дәретханалар салдырдық еуропалық үлгіде. Көкпар алаңын биыл дайындадық.

Қазақи ауылға көкпар алаңы қажет-ақ болған. Себебі бүгінде ат жалын тартып мінген ауыл жастары көк серкені тақымға басуға құмар. Бүгінде ауылдың 90 жылдығына ел-жерден көкпаршылар келіп бақ сынаған.

Өңірде садақ ату, арқан тарту, күрес сынды ұлттық спорт түрлері де кең етек жайып келеді. Нәтижесінде ауылдың бозбалаларын айтпағанда. ересектер мен әйелдер қауымы да жарыстарға құлшына қатысатын болған. Ал тұрғындарға ең үлкен сый - ол сегіз парашютшінің аспанда Қазақстан туын желбіретіп түскені болды.

Жұмыскер ауылы аядай болғанымен, одан алашқа танылған ғалымдар мен ұстаздар, кәсіпкерлер мен мемлекет қайраткерлері шыққан. Бүгінде олардың барлығы туған жерін дамытуға өзінше үлес қосып жүр.

Санат Тұңғышбеков, ауыл тұрғыны:
- Осы біздің жұмыскер ауылының 4 көшесіне асфальт салынды, 2 көшесіне ақ жабын жасады. Жарықшамдар бар барлық көшеде. Түнде жарқырап тұрады. Мен Лас-Вегас деп қалжыңдаймын кейде.

Торғай Игенқызы, педагогика ғылымдарының кандидаты:
- Біріміз бәріміз, бәріміз біріміз үшін, таза, судай жаңа Қазақстанға сондай лайықты азамат, азаматшалар өтсе деймін. Үлкен денсаулық берсін деймін, аман-есен жүрсін деймін.

Ауыл іргесі алғаш 1933-ші жылы құрылған. Қазір округке 3 елдімекен кіреді. Ауылдың 90 жылдығына орай алдағы уақытта мұнда тағы үлкен саябақ салынып, балалар алаңын тұрғызу жоспары бар. Ал жаңадан салынып жатқан фельдшерлік пункт биыл пайдаға беріледі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар