Қостанайда қос зауыттың құрылысы жүріп жатыр

Қостанайда металл балқытып, автобөлшектер жасайтын қос зауыттың құрылысы жүріп жатыр.

Олар іске қосылғанда автоөндірістің отандық үлесі біршама артады. Ауыл шаруашылық техникалары мен жеңіл автокөлік құрастыратын жергілікті кәсіпорындардың да жеткен жетістіктері айтарлықтай. Бүгін Ақжол партиясының өкілдері аталған өндіріс орындарында болып, жұмыс жоспарларымен танысты.  

KamLitKZ компаниясы замануи екі зауытты индустриалды аймақта салып жатыр. Олардың жалпы аумағы 67 мың шаршы метр. Мұнда жылына 45 мың тонна машина өндірісіне қажетті құйма металл бөлшектері және жүк көліктері үшін 74 мың редуктор шығарылады.

Алексей Котов, шойын балқыту зауытының директоры:
- Барлық технологиялық құрал-жабдықтар бойынша біз келесі кезеңге аяқ бастық. Жұмыс істеу технологиясын байқап көру үшін күздің аяғына қарай сынамалы өнімнің шағын бөлігін шығара бастаймыз.

Агромаш зауыты биыл 1 700 ауыл шаруашылық техникаларын шығаруды жоспарлап отыр. Осы күнге дейін соның 70 проценті орындалды. Комбайн, трактор өндірісін арттырып қана қоймай, жеке бөлшектерін өзімізде өндіру ісін де жетілдіре түскен.

Пётр Максаков, Agromash зауытының өндіріс жөніндегі директоры:
- Былтыр бізде трактор кабиналарын дәнекерлейтін желі іске қосылды. Айта кетелік, өткен жылы шамамен 16 мың түрлі техника бөлшектерін шығардық. Сонымен қатар өзімізде шойын балқытатын цех бар. Қажетті бөлшектерді осында құйып, дайындап аламыз.

Келесі нысан Аллюр автозауыты. Бұл елімізде өндіріс тәсіліне көшкен алғашқы кәсіпорын. Кіа, Chevrolet, Jac сияқты белгілі брендтер құр құрастырылмайды, дәнекерленіп, боялып, бастан аяқ жасалады. Биыл олар 100 мың дана машина шығаруды жоспарлап отыр.     

Азат Перуашев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа технологияға, жаңа методикаға көшу жайында Аллюр автода дайын екендігін айтып отыр. Бұл өте жақсы, бұл қуанышты жаңалық деп білеміз. Қазір қарап отырмыз өте замануи, дамыған мықты моделдер шығаруда. Негізгі мақсатымыз 25-ші жылға дейін Қазақстанның үлесін 50 процентке дейін көтеру.

Ақжол партиясының өкілдері Қостанайда машина жасау саласындағы жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе оқу орындарымен білесіп, техникалық мамандарды дайындаудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров