Екібастұзда балалар шығармашылық орталығы салынады

Президент тапсырмасымен Екібастұз қаласында балалар шығармашылық орталығы салынатын болды. 

Бұл мәселені ата-аналар қауымы Мемлекет басшысының өңірге сапары кезінде көтерген еді. Қазіргі кезде балаларға арналған мекеменің жобасы жетілдіріліп жатыр. Жаңа ғимарат салынатын жер учаскесі дайын. Құжаттама бойынша орталықта IT, театр өнері, ғылыми-техникалық, сәулет, медиа және өзге де бағыттар бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, түрлі сынақ жүргізуге арналған зертханалар болады.   Болашақта бұл жер балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік даму кешеніне айналады. Айта кетейік, Екібастұз қаласында қосымша білім беретін үш мекеме бар. Бүгінде үйірмелерге жеті мыңнан астам бала қатысып жүр. Ал жаңа кешен тағы үш мыңнан астам оқушыны қосымша біліммен қамтиды деп күтілуде.