Алматыда «Пери» фильмінің премьерасы өтті

Картинаның қоюшы-режиссері – белгілі қырғыз режиссері Адлет Акматов.

Ол кино әлемінде ең алдымен каскадер ретінде танымал. Көрермен оның экшн стилінде түсірілген ондаған фильмімен таныс. Ал «Пери» фильмі режиссердің драма жанрында түсірген алғашқы еңбегі.

Жаңа драманың сюжеті кәсіпқой боксшының төңірегінде өрбиді. Абайсызда адам өлтірген басты кейіпкердің тағдыры бір-ақ күнде астаң-кестең болып, 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын шыққан ол туған қарындасындай болған көрші қыздың зорлықтың құрбаны болғанын естіп, екі аяқты айуаннан кек алуға бел байлайды.

Адлет Акматов, режиссер:
- Бұл менің драма-криминал жанрындағы алғашқы картинам. Фильмде қазіргі қоғамның өткір проблемасын көрсеткіміз келді. Өзімнің де екі қызым бар. Әлеуметтік желіден қыздардың түрлі қиянатқа тап болғанын көріп, жүрегім ауырады. Командамызбен осы проблеманы кино арқылы көрсеткіміз келді.

Қаған Мұқұл, актер:
- Менің кейіпкерім жағымсыз адам. Фильм Қырғызстанда 17-ші тамыздан бері көрсетіліп жатыр. Көрермендер «сізді бір сәтке жек көріп кеттік» деп жатыр. Соған қарағанда рөлім сәтті шыққан сыңайы. Бұл менің басты рольдегі алғашқы образым.

Басты рөлде қырғыз актері Құмар Абиров ойнайды. Бұған дейін бірнеше картинаға түсіп үлгерген спорт жаттықтырушысы, «басты кейіпкердің образын оңай сомдап шықтым», - дейді.

Құмар Абиров, актер:
- Рольге кіру қиындық тудырған жоқ. Кейбір сезімді, көңіл-күйді көрсететін жерлерде ата-анамды есіме алдым. Бұл маған көмектесті.

Адамгершілік пен азғындық, жақсы көретін жандарды қорғау туралы картинаны KINOPARK KINOPLEXX кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев