Ақтауға келсеңіз, ұлттық астан дәм татыңыз

Ақтауға жыл басынан бері 50 мыңдай турист келген.

Шетелдіктер Маңғыстау өлкесінің қасиетті жерлерін аралап, Каспийдің суына шомылуға құмар. Теңіз жағалауында демалуға келгендер қазақтың салт-дәстүрімен танысқанды ұнатады.

Мағира Ахметова оңтүстік өңірден демалысқа келіпті. Каспийге шомылған соң түскі ас ішетін орын іздепті. Қазақы ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана жайлы әлеуметтік желіден оқыған. Бала күнінде әжесі пісірген жұқпа көжені ас мәзірінен көрген. Айтуынша, жұқа кесілген қамыр табада қыздырылып, жұқпа нан дайындалады. Сосын қазанда қайнаған суға салып, тұз бен сары май қосылады.

Мағира Ахметова, Түркістан облысының тұрғыны:

Кәдімгі ұннан, су мен тұз, қазіргі кезде лаваш деп айтып жатыр ғой. Оны бізде жұқпа деп айтатын әжелеріміз. Осылай қаттама қылып істейтін еді. Сосын айран қосып, құрт қосып, үстіне қолдың сары майын құйып беретін. Кішкентай кезімнен ең жақсы көретінім осы жұқпа көже еді.

«Жаужүрек» тіскебасары. Сиырдың ішмайына жүрегі және қойдың бауыры оралып, 20-25 минутта пеште дайындалады. Оның жанына қатық соусы және асқабақ езбесімен әсемделіп беріледі.

Ғалия Айдарбекова – Шымкент тұрғыны. Жыл сайын теңіздің ауасын жұтып, тұзды суына шомылуға келеді екен. «Жаужүрек, қимай сияқты қазір уақытта таңсық тағамдардан Ақтауда дәм таттық. Мейрамхана қызметкерлерінің әртүрлі тамақтың жасалу жолын қарапайым тілде таныстыруына риза болып отырмыз» - дейді.

Ғалия Айдарбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Тамақты берген кезде барлығын түсіндіреді. Тағам қандай еттен, еттің де түр-түрі бар. Қандай малдың қандай бөлігінен дайындалады осы тағам. Сол сәтті пайдаланып, мысалы отбасымен келген кезде біздің жас келіндер өздерінің алғырлығы болса бірден қағып алып, үй жағдайында дайындауға болады. Мүлдем қиын емес. Маңғыстаудың халқына көп рахмет айтамын.

Лаура Сейітханқызы, мейрамхананың бас меңгерушісі:

- Қазақ дәстүріндегі ұлттық тағамдарды дәріптеу – бірінші мақсатымыз. Қазақтың ұмыт болған тағамдарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру. Шетел азаматтары көп келеді. Тамсанады, таңқалады. Себебі Қазақстанға келгесін олар көргісі келеді бізде қандай дәстүр, қандай ұлттық тағамдар барын.

Мейрамхана аспазы ендігі ас мәзіріне сүрленген ет қосылатындығын айтты. Сойылған мал етінің бір бөлігі түтінге ысталып, ашық ауада бірнеше тәулік кептіріледі. Бұдан соң ет бойындағы ылғал азайып, ас тұзының көлемі артады. Әрі ұзақ сақтауға болады. Сүр еттен әзірленген тағамның туристердің көңілінен шығатыны сөзсіз.