Кеніштегі ахуал жедел штабтың бақылауында

Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында мұнай ұңғымасы жанып жатқанына 3 айға жуықтады.

9 маусымда барлау ұңғымасында апат болып, ауаға су аралас метан атқылаған болатын. Содан бері газ атқылауын тоқтату мүмкін болмай тұр. Ахуалды  жедел штаб бақылап отыр. Осы мәселе бойынша бүгін Ақтауда арнайы брифинг өтті. Мамандардың айтуынша, аумақта 2 ұңғыма қазылуда. Әрқайсысының тереңдігі 1 200 метр. Бұдан бөлек тағы 2 ұңғыманы бұрғылау басталған. «Бұл жерде асығыс қимылдауға болмайды. Бір жерде метан таралуын тоқтатамыз деп жүріп, басқа ұңғымаларға қауіп төндіріп алмауымыз керек. Сол себепті апат салдары қашан жойыларын әзірге айту қиын», - деді энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.  

Асхат Хасенов ҚР Энергетика вице-министрі:
- Тағы да бір газ фонтанын ұстап алмауымыз керек. Қосымша біз басқа елдің бұрғылау мекемелеріне және институттарына хабарластық. Қытай еліне, бүгін ПМ-Лукс деген компанияны қостық. Польшадағы. Осындай апаттарды жоюға өздерінің тәжірибелері бар.  Экологиялық зардап бойынша мына апат жойылғаннан кейін, құзыретті органдар әркім өз құзыреті бойынша тексеріс ашып, нәтижесін береді.

Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:
- Қазіргі кезде метан ластануынан ауытқу байқалып отыр. Авариялық жағдай біткеннен кейін, біз сәйкесінше прокуратура органдарына жүгіне отырып, жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жүргізетін боламыз. Негізгі мақсаттар - газдың көлемін анықтау, оның құрамын, қандай су шықты, оның құрамы қандай деңгейде зиянды, осылар тексеріс қорытындыларымен толықтай айқындалатын болады.