Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен 71 жобаны қолға алды

Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіп саласында бірлескен 71 жобаны қолға алды.

Соның 20-ға жуығы толыққанды іске қосылды. Енді тараптар «Орталық Азия» шекаралық кооперация орталығын құруға күш салып жатыр. Бұл ауқымды құрылысқа Түркістан облысында тиісті жер телімі бөлінді. Оңтүстік өңір мен өзбекстандық бизнес арасында қазір қандай байланыс бар?

Тері өңдеп, аяқ-киім тігетін, керамикалық бұйым жасап, өнімін тұтас Орталық Азияға экспорттайтын бұл кәсіпорын 2009 жылы құрылды. Өндіріске қытайлық инвестиция жұмсалды. 30 жыл мерзімге келісімшарт жасалып, ел өңірлерінен жиналған тері өңделіп жатыр. Былғарыдан тігілген аяқ-киім әзірге тек ішкі нарықты қамтиды. Зауытта 2 мыңнан астам адам жұмыс істесе, соның 70 пайызы - жергілікті тұрғын. Жалпы Сырдария облысының бір ғана ауданында шығыстағы көршімізбен 10-ға тарта жоба қолға алынған.

Мақбират Мирзаева, зауыттың бригада басшысы:
- Сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін осы жердеміз. 1 жарым сағат түскі үзіліс бар. Күніне жаз және қыс мезгіліне арналған 1 600-ге жуық аяқ-киім тігіледі. Зауыт 12 жылдан бері өнім шығарады.

Дария бойында орналасқан облысты қазақ ауылдарына баратын «Достық» арнасы көктей өтеді. Өңір қытайлық тәжірибе негізінде жұмыссыздықты жоюға ден қойған. Кәсіпорында орташа айлық 70-80 мың теңге. Яғни жұмыс күші арзан. «Шетелдік инвесторды қызықтырған негізгі ерекшелік осы», - дейді мамандар. Ал Қазақстанның Түркістан өңірі Өзбекстанмен жылына 450 млн долларға сауда-саттық жасап отыр. Тауар айналымының басым бөлігі ірі қара еті мен ұнға тиесілі. Керісінше өзбек бизнесі бізге бау-бақша өнімдерімен қоса, тоқыма бұйымдарын жөнелтеді. Шекаралас жатқан облыстардың көрсеткішті арттыруға әлеуеті мол. Алайда Гүлістанда өткен іскерлік басқосу мақтаны терең өңдеу ісінде өзбекстандық тараптың тәжірибелі екенін көрсетті. Айта кетейік, көршіміз бұл шаруаны бірден ширата қоймады. Шетелдік технология мен инвестордың көп көмегі тиді.

Берік Кенжебаев, «Түркістан Инвест» аймақтық агенттігінің басқарма төрағасы:
- Өздеріңізге белгілі мақта тек Түркістан облысында өседі. Сондықтан мақтаны өңдеу, жеңіл өнеркәсіпті дамытуды Мақтарал мен Жетісайда дамытуға ниеттіміз. Ал тігін бойынша таяуда Сайрам ауданында тігін фабрикасы ашылған болатын. Сол бойынша қазір сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан мен Өзбекстан осы күні өнеркәсіптік кооперация саласында 71 жобаны қолға алды. Шекарада «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі жоспар да бар. Бұл жерде екі ел кәсіпкерлері еркін сауда жасауға мүмкіндік алады. Бірлесіп бизнес бастаймын деушілерге жеңілдік жасалады.

Акмалжон Махмұдәлиев, Сырдария облысының хәкімі:
- Осындай экономикалық форумды дәстүрге айналдыратын болдық. Жылына бір мәрте екі ел кәсіпкерлерінің басын қосамыз. Қазір бизнеске кедергілер аз. Өзбекстанда қазақстандық капитал құйылған кәсіпорындар көбейді. Керісінше Қазақстанда өндіріс бастап жатқан біздің ел кәсіпкерлері де жетерлік. Бүгін солардың бірқатары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Форумда өзбекстандық тері өңдеу зауыты Қазақстаннан шикізат алуға ниетті екенін жеткізді. Бізге де тиімдісі сол. Себебі Қазақстанда тері өңдейтін кәсіпорын аз.   

Рауан Мыңбаев, тілші:
- Жалпы бұл қазақ пен өзбектің іскерлік алаңда алғаш және соңғы рет басқосуы емес. Сырдарияда өткен жиыннан кейін қос тарап қазан айында Самарқандта өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумында қайта кездесетін болып келісті. Бесінші мәрте ұйымдастырылатын шараға барлық аймақтан делегация жиналмақ. Мақсат – екі елдің экспорттық және импорттық әлеуетін арттырып, жұмыс орындарын көбейтетін жаңа өндірістер ашу.

Авторы: Рауан Мыңбаев