Шығыстағы шаруалар шөп жетпей ме деп алаңдаулы

Еліміздің шығысындағы шаруалар қыста шөпсіз қаламыз ба деп алаңдайды.

Өйткені жаз бойы жаңбыр жаумады. Дәл жиын-терін басталғанда құйып, енді толастар емес.

Шалғынды шауып әкелгенше, шөп су болып жатыр. Кептіруден басқа амал жоқ. Сондықтан Самар, Ұлан ауданындағы шаруа қожалықтары қазір күн райын бағып отыр. Қорасын мал азығына толтыра алмаған қожалықтар не істемек?

Екі жұмыс деп осыны айт. Шалғынға орақ салғандардың бірі самарлық Тимур Нұрғазин әбігерге түсіп жатыр. Айтуынша, онсыз да шығымы аз шөп енді шіріп кетуге жақын. Қайта-қайта жауған жаңбыр шабылғанын тасуға дес берер емес, – дейді ол.

Бұрын көрші-қолаңға көмектесетін қожалықтар енді өз қорасын толтыра алмай отыр.

Тимур Нұрғазин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ауылдың қанша азаматтырна адамдарына көмектесіп, осы шөптен беретінбіз. Қазір енді осы өзіміз қыстан қалай шығамыз, белгісіз болып тұр. Менде енді мал саны, жылқы бар біраз. Қар қалыңдап кетсе, сол жылқыны уайымдап тұрмыз.

Шаруа қожалықтарының алқаптағы жұмысы ауа райына тәуелді. Олар әрбір ашық күнді пайдаланып қалуға тырысады.

Қымбатшылық та қысып барады. Дизельді отын бағасы көктемде 207 теңгеден болса, қазір 260 теңге. Ал техника сынса, тақырға отырдым дей бер.

Мал баққанға бітеді. Ұлан ауданындағы шаруалар да қыстың қамымен әуіре. Олар қора-қопсысын толтыра алмай дал. «Қыстың күні қырауда күніміз алыпсатарларға қарап қалмаса игі», – деп отыр.

Қозыбек Қамзин, шаруа:

- Тырнаштап күні кешке дейін жүргенде бір жарты тіркеме шөпті әрең шауып аламыз. Сатып жатқанның бәрі қымбат. 1100 дейді кішкентай бумасы. Руллонның бағасы – 16 мың деп еді. Енді – 25 мың, көтеріліп кетті дейді.

Салалық басқарма есебінше әзірге жағдай ушығып тұр деуге ерте. Дегенмен мал азығын мүлдем жинай алмағандар қолдаусыз қалмайды.

Диляра Жылқайдарова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Зардап шеккендер болған жағдайда аудан әкімдігіне пайдаланылмай  жатқан  жерлер болса, орман шаруашылығындағы  қордағы жерлер болады ғой, шаруаларға жеке шаруаларға беруге ұсыныс ретінде жолдадық.

Өлкедегі ірі және ұсақ мал басы 1,5 миллионнан асады. Оған шамамен 840 мың тонна шөп жинау жоспарланыпты. Әзірге 70 проценті шабылған. «Күн райы мұрсат берсе, шаруалардың қыркүйектің соңына дейін әлі уақыты бар», – дейді мамандар.