Конституция күніне орай бәйгеден республикалық турнир басталды

Елордада Конституция күніне орай бәйгеден республикалық турнир басталды.

Желмен жарысқан жүйріктер жарысы «Қазанат» ипподромында өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық шабандоз жиналды. Олар бәйгенің 3 түрі бойынша сынға түсіп, жүлдені сарапқа салады. Ал жарыстың жалпы жүлде қоры 20 млн теңге.

Ауыздығымен құс тістеген жүйріктер елорда төріне жиналды. Еліміздің барлық өңірінен ат терлетіп келген 100-ге жуық шабандоз Конституция күніне орай ұйымдастырылған республикалық бәйгеде олжа ілуге нық дайын. Солардың бірі - 15 жастағы Жандос. Бүгін ол Астананың намысын қорғайтын болады.

Жандос Жақып, шабандоз:
- Бәйгелерге жиі-жиі қатысып тұрамын. Бірақ мен көбінесе конкур секіремін. 1 ай бұрын Тұлпарда жарыс болған. Сол жақта бірінші орын алдым.

Негізі бүгін тұлпарлар бәйгенің 3 түрінен сынға түседі. Олар ұшқыр, топ және аламан. Жүзден жүйрік шыққандары бүгін медаль, грамоталардан бөлек ақшалай сыйлыққа да ие болады. Республикалық турнирдің жалпы жүлде қоры 20 млн теңге.

Самат Жылқыбаев, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Ұлттық спортты насихаттаудағы жылда өтетін шарамыз. Бұдан да басқа Астанада көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Шектеу жоқ. Өйткені бұл бәйге болғаннан кейін жергілікті болсын, араб аттары болсын сондай аттар қатысып жатыр. Англиялық аттар да бар.

Алғашқы болып жарыс жолына ұшқыр бәйге санатындағы қатысушылар шықты. Бұл бағдарламада жүйріктер 2 400 шақырымдық жерді еңсерулері тиіс.

Бұл бәйгенің фавориті павлодарлық Аслан Бәйкенов болды. 1-ші айналымда шабандоз қарсыластарынан артта қалып келді. Кейін тізгінін қоя берген еді, арғымағы тұяғымен топырақты төңкеріп, алдына жан салмай, мәреге бірінші болып жетті. Осылайша сәйгүлік иесіне жеңісті жұлып алып берді.

Аслан Бәйкенов, ұшқыр бәйге жеңімпазы:
- Бұл тұлпарым биыл ешбір бәйгеде жеңіліп көрмеді. Осы жылы 5 рет жарысқа қатыстық, барлығында да бірінші орынға ие болдық. Бүгінгі тактикам ерекше болды. Атты қыздырып алу үшін басында асықпай шаптым. Кейін тұлпарым бәйгенің иісін сезгеннен кейін, алдына жан салмады.

Айта кету керек, Конституция күніне орай ұйымдастырылған республикалық бәйге жыл сайын өткізіледі.

Авторлары: Риат Шони, Наурызбай Құрманғазы