Абай облысында кәсіпкер «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын қолдау аясында туған жерін түлетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасын қолдау аясында кәсіпкерлер туған жерін түлетуге кірісті. 

Мәселен, Абай облысындағы Таскескен елді мекенінің тұрғыны Талғат Сақан үш ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған су қоймасын қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Бұл түйткіл Таскескен ауылына қатысты ғана емес, көрші орналасқан Шолпан, Қарақол ауылдарында да өзекті болып отыр. Осылайша кәсіпкер билікке алақан жая бермей, туған жерімізді көркейтейік дейді. Өзі грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің "5000 кәсіпкер 5000 ауылды көркейтсе" деген ұлағатты сөзін ұстанатынын айтады. Сонымен қатар ол ауыл қақпасы мен бәйге алаңын ашып, ат шаптырып, айтыс ұйымдастырды. Өнер додасына әр тараптан келген кіл мықты айтыскер қатысып, алды көлікті, арты қос жылқыдан мініп қайтты. 

Талғат Сақан, ұйымдастырушы:

"Ауылдан мықты мықты бизнесте жүрген адамдар көтеретін болса, көркейіп жайнап кететіді деп. Сол кезден бастап, ойымда бар. Өз ауылымды Таскескенімді 5000 ауылдың бірі және алғашқысы болса екен деген ниетім болған. Сол ниетке жеткізіп, үлкен осындай той өткіздік".